Павлодарлық перзентханада серіктес босануларға рұқсат берілді
Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Облыс орталығындағы перинаталдық орталықта серіктес босануларға қайта рұқсат берілді.
Дәрігерлердің айтуынша, бұған дейін эпидахуалдың күрделі болуына байланысты серіктес босануларды жүргізуге тыйым салынған.
Серіктес босануға келу үшін азаматтардың қолында кері нәтижесі бар ПТР анықтама болу керек. Сонымен қатар, ешқандай жұқпалы ауруларды шалдықпауын қадағалаймыз. Біздің перзентханада бұл үрдіс бұрыннан дамыған. Болашақ аналар жүкті кезінде осындай шешім қабылдап, серіктес болатын адамды психологиялық тұрғыдан дайындайды. Мамандардың тарапынан қарсылық жоқ. Себебі, бұл босану процессіне оң әсерін тигізеді. Психологиялық қолдау болып табылады. Серікстертердің өз міндеттері бар. Оны алдын ала түсіндіреміз, - дейді облыстық перинаталдық орталығының директоры Айман Оспанова.
Айта кетейік, елімізде серіктес босанулар екі жыл бойы жүргізілмеген. Перзентханалардың барлығында карантиндік режим енгізілген еді. Қазіргі уақытта шектеу жоқ. Мамандардың мәліметінше, облыстық перинаталдық орталықта жыл басынан бері 900-ден астам сәби дүние есігін ашқан. Әдетте босанулардың 60%-ы серіктестердің көмегімен жүргізіледі.