Павлодарлық палуандар қазақ күресінен ел чемпионатында жеті медаль жеңіп, рекорд орнатты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 5-8 мамыр аралығында Талдықорған қаласында қазақ күресінен жастар арасында Қазақстан чемпионаты өтті, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz. 

М.Қайырбаев атындағы спорттың ұлттық түрлері бойынша спорт клубының мәліметінше, жарысқа Павлодар облысынан 24 жас палуан қатысқан.

Жастарымыз 7 медаль еншіледі. Қоржынымызда 1 алтын, 2 күміс, 3 қола бар. Медальдар саны бойынша павлодарлық палуандар үшін бұл чемпионат рекордтық нәтиже болды. Жастардың да, ересектер арасында да жалпы Павлодардың қазақ күресі үшін рекорд деуге болады. Бұған дейін 1-2 медаль алып жүрдік. Өткен жылы ғана 4 медаль олжалаған болатынбыз, - деді қазақ күресінен облыстық жастар командасының аға жаттықтырушысы Еркін Кәмшатов.

Чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлері ұлттық құрама сапына енді. Атап айтсақ, ұлдар арасында 78 келіде Ислам Жаңбырбаев алтыннан алқа тақты. Түйе палуандар арасында Әлихан Айтжанов күміс, 78 келіде Алдияр Айтмұханбет пен 60 келіде Ислам Накенов қола медаль иегерлері атанды.

Қыздар арасында 65 келіде Мөлдір Әдепбай күміс алса, Әсел Манап қола медаль, 60 келіде Диляра Құсайын қола медаль олжалады.

Сонымен қатар 78 келі салмақта чемпион болған Ислам Жаңбырбаев «ҚР Спорт шебері» атағына ие болып, қазақ күресінен жастар арасындағы әлем чемпионатына жолдама алды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы