Павлодарлық өрт сөндірушілер заманауи газ анализаторларын пайдалана бастады
Ертіс өңірінің өрт сөндірушілері елімізде алғашқылардың бірі болып заманауи газ анализаторларын пайдаланып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Нақтырақ айтқанда, түссіз және иіссіз улы газды анықтайтын құралдарды төтенше жайдайлар департаменті жанындағы сынақ зертханасының мамандары қолданысқа енгізді.
Салалық мекеме баспасөз қызметінің маманы Алма Мұсабекова хабарлағандай, газ анализаторы өрттің туындау барысында улы газды концентарциясын жылдам анықтауға көмектеседі.
Тұрмыста улы газбен уланудың екі себебі бар. Біріншіден, пешпен жылытылатын үйлерде суық мезгілде пештерді пайдаланған кезде жылуды ұзақ сақтау үшін пештің қақпақтары мен үрлегіштерін түнде жауып тастайды. Осылайша, қатты отыннан шығатын газ үй ішіне тарайды. Пештер дұрыс пайдаланылмаған кезде де газ таралуы мүмкін. Адамдар ұйықтап жатқанда уланып қалуы мүмкін. Екіншіден, жүргізушілер қыста көліктерін гараждардан шығармай-ақ көлік қозғалтқыштарын жылытқанда улануы ықтимал, - дейді өрт сөндірушілер.
Қайғылы жағдайларды болдырмау және халықты ақпараттандыру мақсатында еріктілер мен өрт сөндірушілер профилактикалық шараларды күшейтті. Бұл, әсіресе, жылыту маусымы басталған кезде маңызды. Сонымен қатар, заманауи құралдар әлеуметтік қорғалмаған азаматтардың үйлерінде тегін орнатылады.
Жергілікті бюджет пен үкіметтік емес ұйымдардың есебінен 500-ге жуық улы газ датчигі орнатылған.
Айта кетейік, өңірде жыл басынан бері улы газбен уланудың төрт дерегі тіркелген. Салдарынан сегіз адам зардап шегіп, олардың екеуі көз жұмды.