Павлодарлық неврологтар сал ауруын емдеуде ботоксты пайдалануда

Ертіс өңірінің невролог-дәрігерлері балалар сал ауруын емдеуде ботокс уколын пайдалана бастады, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Бұл препарат, яғни, «ботулотоксин» көбінесе косметологияда қолданылады. Жалпақ жұрт арасында «жастық инъекциясы» деп аталатын құралдың көмегімен алғашқы нәтижелерге қол жеткізілді. Мәселен, сал ауруына шалдыққан бес жасар егіздер укол алған соң өздігінен жүре бастады. Анасы Индира Нұрғалиеваның айтуынша, бұған дейін қыздар тек еңбектеп жүрген.

«Қыркүйек айында препараттың екінші дозасын қабылдадық. Нәтиже өте жақсы деуге болады. Қыздарым бірнеше мерт өздері, ештеңеге сүйенбей жүре алады. Қорқыныштары бар, әрине, бірақ, болашақта бұдан да жақсы жүреді деген ойдамын», - дейді Индира Нұрғалиева. 

Облыстық балалар ауруханасы неврология бөлімінің меңгерушісі Арман Имановтың айтуынша, препарат параличтың түйілмелі формаларын емдеу кезінде қолданылады. 

«Ботокс тек бұлшықетке әсерін береді. Қазіргі уақытта оң динамика байқалады. Ай сайын бірнеше науқас осындай ем қабылдайды. Пациенттер бірнеше рет ем қабылдауы шарт. Әзірге құралдың кері әсерін байқаған емеспіз. Уколдың тиімділігі алты айға дейін сақталады», - Арман Иманов. 

Айта кетейік, бұл процедура кәмелеттік жасқа толмағандар үшін міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру шеңберінде тегін жүргізіледі. Бүгінгі таңда облыс орталығында балалар сал ауруы диагнозы қойылған 590 ұл-қыз бар. Соңғы екі жыл бойы олардың 100-ден астамы боток-терапия алып жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы