Павлодарлық майдангерлерге сый-құрмет көрсетілді
Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде Ұлы Отан соғысы жылдары ел мен жер үшін отқа түскен 18 ардагер бар. Жеңіс күні қарсаңында оларға сый-құрмет көрсетіліп жатыр.
Осы күндері облыс басшылығы облыстың түкпір-түкпірінде тұратын ардагерлердің шаңырақтарында болып, мерекемен құттықтады.
Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовтың айтуынша, майдангерлер – облысымыздың алтын қорындағы арда азаматтар. Аймақ басшысы алдымен Ертіс ауданының Северное ауылында тұратын Алексей Печеталовтың жанұясына ат басын тіреді. Ардагер жүк көлігін жүргізіп, бау-бақша шаруашылығына жетекшілік еткен.
Ал Шідерті ауылында тұратын Мария Смирнова өмір бойы оптимистігімен ерекшеленіп келеді. Соғыс тауқыметін тартқанына қарамастан, жаны-дүниесі сергек.
1927 жылы ата-анам коллективтендіру шараларына қатысты. Оларды алып та кетті. Сондықтан, жас кезімнен бастап колхоздың жұмысына араластым. Ересек адамдардан қалыспадым. Себебі, халық ішінде болдым, ажыраған жоқпын, - дейді ардагер.
Мария Смирнова 1942 жылы 312-ші атқыштар дивизиясының құрамында санитарлық нұсқаушы болды. Ржев доғасында алған жарақатынан соң қызметін қайта атқарды. Ал 1964 жылы Павлодар облысына келіп, Майқайың кенішінде еңбек етті. «Ертіс-Қарағанды» арнасының құрылысына да атсалысты. Бүгінде екі ұл мен бір қызды тәрбиелеген бақытты ана.
Айта кетейік, мереке қарсаңында Жеңіс күнін жақындатқар батыр ардагерлерге екі миллион теңге көлемінде бір реттік көмек алады. Десе де, Жеңіс сыйлаған азаматтарға қанша құрмет көрсетсек те, аз болар.