Павлодарлық мас күйде өз үйін қиратқан
102 операторының пультіне Павлодар қаласының тұрғынынан қоңырау келіп түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әйел өзінің құрбысы көмек сұрап жатқанын айтқан, себебі оның күйеуі мас күйде шу шығарған.
Дереу көрсетілген мекенжайға патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жіберілді. Үйдің кіреберісінде полицейлер ашулы ер адамды кездестірген. Ол шу шығарған жанжалқой болып шыққан. Бір қызметкер онымен қалған. Ал пәтерге кірген тәртіп сақшысы төсек, жиһаз, тұрмыстық заттар еденде жатқанын көрген. Әйелдің айтуынша, мұны жұмыстан мас болып келген күйеуі жасаған. Оның бұл әрекетіне үйдегі кішкентай балалар да куә болған, – деді Павлодар облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Данияр Бек.
Ер адамның мас екендігі анықталды. Сондай-ақ учаскелік полиция инспекторы оған қатысты қорғау нұсқамасын шығарды. Әкімшілік хаттама толтырылды. Әйелге балаларымен бірге Дағдарыс орталығына бару ұсынылды, алайда ол бұл ұсыныстан бас тартты. Аталмыш отбасы бақылауға алынды.