Павлодарлық картоп өсірушілер чипсы өндірісін іске қоспақ
Ертіс өңірінің картоп өсірушілері чипсы өндірісін іске қоспақ ниетте, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Инвестициялық жобаны жергілікті фермерлер жүзеге асырмақ. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Шүкірованың айтуынша, соңғы екі жыл ішінде агроөнеркәсіп саласына салынған инвестиция көлемі 300 млрд теңгеге жуықтады.
Биылғы жылдың төрт айында көрсеткіш 7,6%-ға өсіп, 5 млрд теңгеге жетті. Үстіміздегі жылы 35 жоба жүзеге асырылады. Жобалардың дені суармалы алқаптарды іске қосу, көкөніс қоймаларының құрылысы, сүт-тауарлы ферма салу бағыттарына тиесілі.
Чипсы өндірісі басым жобалардың қатарында. Зауыт Ақсу қаласының аумағында орналасады. Қазір инвестор жер учаскесін ресімдеу жұмыстарын аяқтап, техникалық талаптарды орындап жатыр. Бизнес жоспар әзірлемес бұрын кәсіпкерлер өткен жылы Ақтоғай ауданында чипсы шығаруға арналған картоп сұрыбын сынақ жүзінде өсірді. Сұрып "фонтане" деп аталады. Кәсіпкерлер 500 гектар жерден 9 мың тонна көкөніс алынды, - дейді Сәуле Шүкірова.
Кәсіпорын 20 мың тонна картопты қайта өңдеуді жоспарлап отыр.
Басым жобалардың қатарында тағы үш жоба бар. Алдағы екі жыл ішінде Шарбақты ауданы және Ақсу ауылдық аймағында күнбағыс майын өндіру зауыттары іске қосылмақ. Бұл жобаларға 2 млрд теңгеден астам қаржы құйылмақ.
Айта кетейік, Павлодар өңірі – картоп өсіру бойынша елімізде көшбасшы. Жыл сайын шамамен 600 мың тонна көкөніс жиналады. Бұл - облыс халқы тұтынатын көлемнен жеті есе көп көрсеткіш. Бүгінгі таңда павлодарлық «екінші нан» Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен өзге елдерде жоғары сұранысқа ие.