Павлодарлық экобелсенділер Ертістің бойымен 43 шақырымды жүзіп өтті
Ертіс өңірінің экобелсенділері мен табиғат жанашырлары екі күндік экспедициядан оралды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
QazaqGeography ұйымы аймақтық филиалының мүшелері ескекті қайықтармен Ертістің бойымен 43 шақырымдық жолды еңсерді. Экологиялық сапар Тереңкөл ауданының Песчаное ауылынан басталып, Ақтоғай ауданының орталығына дейін жалғасты.
«Павлодар география Үйі» қоғамдық бірлестігінің басшысы Александр Вервекиннің айтуынша, сапар «Туризм мен өлкетануды дамыту» аймақтық жобасы шеңберінде жүзеге асты.
Өзен бойымен жүзу Павлодар облысының өлкетану қозғалысын дамытуға бағытталған. Екі күн ішінде 10 қатысушы қайықпен жүзіп, Ертістің тылсым табиғатын тамашалады. Олардың қатарында Павлодар, Екібастұз және Павлодар ауданындағы бірлестік мүшелері болды. Сапар барысында алғаш рет бірнеше сынақ өткіздік. Әдетте, үрлемелі қайықтар бес адамға шақталады. Ал жүк ретіндегі артық салмаққа жол жоқ. Бұл мәселені шешу үшін қатысушылар «Фрегат» және «Колибри» қайықтарына отырды. Ал сөмке, құйықтау қапшықтары, тамақ және өзге де қажетті заттар үшін тағы бір шағын қайық жұмылдырылды. Сынығымыз табысты өтті, - дейді Александр Вервекин.
«Туризм мен өлкетануды дамыту» аймақтық жобасын жүзеге асыруға аймақтағы ірі зауыттардың бірі демеушілік етті. Жоба аясында «Павлодар облысы туралы 1 мың қызықты дерек» кітабын басып шығару, спорттық велотуризм орталығын қолдау сияқты жұмыстар атқарылады.
Бұл іс-шара бірнеше жыл бойы ұйымдастырылып келеді. Белсенділер әр жылы әр түрлі мақсаттарды көздейді. Мәселен, бұған дейінгі сапар Ертістің экологиялық жағдайына арналды. Табиғат жанашырлары өзенде зерттеулер жүргізіп, ақпарат жинады.