Павлодарлық дәрігерлер әйелді реанимобиль ішінде босандырып алды
Ертіс өңірінде жедел-жәрдем бригадасы реанимобиль ішінде әйелді бостандырып алды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Облыстық 103 қызметінің баспасөз хатшысы Асқар Ғазизовтың хабаралауынша, қазіргі уақытта ана мен нәрестенің денсаулық жағдайы тұрақты. Олар ауруханаға аман-есен жеткізілді.
Хабарлама жедел-жәрдем станциясының пультіне Аққулы ауданының Ямышев ауылынан түсті. 31 жастағы азаматшаның толғағы басталғаны туралы айтылды. Дәрігерлер бригадасы оқиға орнына небары 10 минуттың ішінде жетіп, тиісті шараларды қолға алды. Шамамен 20 өткен соң жүкті әйелді толғақ қысып, жол бойында босанды. Дүниеге салмағы үш келіден асатын және бойы 53 сантиметр болатын қыз бала келді, - дейді мамандар.
Ақ желеңділер жылу тізбегін сақтап қалу үшін нәрестені орап, дереу перзентханаға жеткізді.
Айта кетейік, облыста осы тектес оқиғалар сирек кездесетін құбылыс емес. Дәрігерлердің хабарлауынша, жыл басынан бері медициналық мекемеден тыс аумақта 25 ұл-қыз туған. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда алты оқиғаға көп көрсеткіш. Сол себепті станция басшылығы дәрігерлерді неанотология ерекшеліктерін меңгерту мен оқытуға баса назар аударып келеді.
Соңғы жылдары қызметтің барлық фельдшерлері мен дәрігерлері біліктілікті курстарынан өтіп, үй жағдайында немесе көлік ішінде әйелдерді босанудың қыр-cырын меңгеріп алған.