Павлодарлықтар «Тіл керуені – 2021» жобасы арқылы қазақ тілін меңгеруде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында мемлекеттік тілге оқытудың тілдік-туристік-мәдени бағытындағы «Тіл керуені» жобасы бойынша қазақ тілі курстары басталды, деп  хабарлайды Рavlodarnews.kz.

Облыс мәдениет, тілдерді дамыту  және архив ісі басқармасының мәліметінше,  шараның мақсаты – тіл-мәдениет-туризм сызбасы бойынша тілдік ортаға ену үшін кешенді тәсіл негізінде шынайы тілдік ортаға жағдай туғызу және меңгеру тілінде қарым-қатынастың ситуациялық үрдісін жасау.

Аталған жобаға облысымыздың қала, аудандарынан жалпы 50 тыңдаушы қатысуда.

- Қазіргі таңда мен «Тіл керуені – 2021» қазақ тілін оқыту курстарынан өтіп жатырмын.  Онлайн режимде оқу өте ыңғайлы, өйткені бос уақыт бола бермейді. Сабақ басталар алдында курс қатысушылары оқу материалдарын алды. Жалпы, өткізілетін іс-шараларға көңілім толады деп айта аламын, тақырыптар мен үй тапсырмалары түсінікті. Алғашқы сабақтардан бастап курс қатысушыларымен тек қазақ тіліндегі сөздерді қолдана отырып жұмыс жасай бастадық. Бұл болашақта сөздерді, содан кейін тұтас сөйлемдерді дұрыс айтуға мүмкіндік береді. Курстың соңына қарай менің мақсатым - қазақ тілінде оңай әрі сауатты жазып үйрену. Біздің барлық тобымызға мемлекеттік тілде оңай үйрену үшін сәттілік тілеймін, - дейді Ақсу қаласы әкімі аппаратының инспекторы Арина Амренова.
«Тіл керуені» жобасы бойынша қазақ тілін оқыту курстарында тыңдаушылар мемлекеттік тілімізді, ұлттық салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды, мәдениетімізді, өмір салтымызды қазіргі заманға сай сабақ түрлері: ойын-сабақтары, флеш-тренингтер, ойынның психологиялық сипаттағы жаңа технологиялары арқылы үйренеді. 

Тыңдаушыларды тілдік ортаға бейімдей отырып, қазақ халқының салт-дәстүрлерін, тарихын зерттеу арқылы тілдік ортаға енулеріне жағдай жасалады. Сонымен қатар курс барысында қатысушылар жергілікті тарихи-мәдени орталықтарға, музейлер мен туристік орындарға бару жоспарланған.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы