Павлодарлық түрмеде джинсы шалбарлар тігіле бастады

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңіріндегі АП-162/4 түзету мекемесінде джинсы шалбарлары тігіле бастады. Кәсіпкер бастапқы кезеңде үш сотталушыны жұмысқа орналастырды.

Қазіргі таңда мекемеде заманауи тігін құрылғысы іске қосылған. Өнімге деген сұраныс бар. 


Колония аумағында шағын өндіріс ашуды карантинге дейін жоспарлаған едік. Бұл идеямызды басшылыққа жеткіздік. Колонияда бос орын бар екен, сол жерге құрылғымызды орнаттық. Күніне 10 шалбар тігіп жүрміз. Шикізатты, яғни, матаны Алматыдан сатып аламыз. Болашақта өндіріс көлемін арттырғымыз келеді, - дейді сотталушы Әлиәскер Маликов. 

25 жасар азамат бостандықта жүргенде жеке ісін дөңгелеткен. Темір тордың артында да қол қусырып отырмақ емес. Ал еңбекпен қамтылған азаматтар жұмыстарына жауапкершілікпен қарайды. 


Бүгінгі таңда бұл түзету мекемесінде сегіз шағын кәсіпкерлік нысаны бар. 600 сотталған азаматтың 130-ы жұмыспен қамтылған. Жазасын өтеушілер ағаш, металл өнімдерін жасайды. Тігін цехы мен техникалық қызмет көрсету орталығы да бар. Ал карантин кезінде сотталушылар бетперде тігумен айналысқан. Сонымен қатар дезинфекциялық дәліздерді жинап, облыстың емдеу мекемелерін қамтыды.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы