Павлодарлық кәсіпорын қызметкерлерінің 98%-ы вакцина алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Павлодарлық «Майқайың-золото» АҚ қызметкерлерінің 98,3%-ы коронавирус инфекциясына қарсы вакцина алды. 860 адам жұмыс істейтін өндіріс орнының ұжымы вакцинацияға бей-жай қарай алмағандарын алға тартты.

Ашық әдіспен алтын, күміс, мырыш өндіретін кен орны үзіліссіз тәулік бойы жұмыс істейді. Сондықтан зауыт қызметкерлерінің қауіпсіздігі басты назарға алынып, екпеге қатысты шаралар кешенді түрде қамтылыпты.

860 адамның ішінде 17 қызметкеріміз денсаулық жағдайына байланысты екпе ала алмады. Ал қалған жұмысшылар екпенің екі компонентін де салдырды. Вакцинаны ең бірінші болып наурыз айында басшылық ретінде өзім жол бастап алдым. Менімен қатар тіпті 70 жасты алқымдаған ардагер қызметкерлеріміз де вакцинацияланды. Артынша ұжым екпенің маңыздылығын өздері түсініп, саналы түрде ала бастады, - дейді кәсіпорынның бас директоры Қуаныш Ботин.

Сондай-ақ компания індетпен күресуге бір кісідей атсалысып, екпе алған әр қызметкеріне 10 000 мың теңгеден сыйақы беруді де ұмытпапты.

Осылайша, кен орнымыздағы қызметкерлерімізді ынталандырғымыз келді. Расымен де, вакцинаның тиімділігіне көз жеткіздік. Себебі вакцинациядан соң 860 адамның ішінен 1-ақ адам ғана ауырды, - деп ағынан жарылды бас директор Қуаныш Советұлы.

Бүгінде аталған кен орнында тер төгіп, еңбек етіп жүрген қызметкерлердің барлығын дерлік вакцинациялау жұмыстары маусым айында аяқталыпты. Тек 17 адамға дәрігерлер денсаулық жағдайына байланысты әзірге рұқсат бермеген.

Тәулік бойы жұмыс тоқтамайтын кен орнында әрбір жұмысшымыздың денсаулығы қымбат. Сол үшін індеттен сақтанайық деп екпеге жұмыла кірістік. Вакцинация өзіміздің ғана емес, отбасымыз бен туған-туыстың саулығы үшін де қажет, - деді өндіріс басшысы.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы