Павлодарлық дәрігерлер жүрегі екі рет тоқтаған әйелді аман алып қалды
Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысының кардиохирургтері жүрегі екі рет тоқтап, 20 минут бойы жансыз болған әйелді аман алып қалды.
Ақсу қаласына қарасты Еңбек ауылының 37 жастағы тұрғыны отбасының ортасына оралуға дайындық үстінде. Жүрегі сыр берген науқастың бес ұлы мен сүйікті жары бар. Көпбалалы ана жүктілігінің 21-аптасында жөтеліп, әлсірей бастаған. Мұны тұмау деп пайымдап, үйде өз бетінше емделген. Күндердің күнінде жөтел қысқан соң Павлодар қалалық ауруханасының инфекциялық аурухасынан бір-ақ шықты.
Жансақтау бөлімінде тиісті шаралар қолға алынғанмен, пациенттің жағдайы нашарлай берген. Көмекке облыстық кардиохирургиялық орталығының медициналық бригадасы келді.
Облыстың штаттан тыс бас анестезиологі, Кардиохирургиялық орталығы жансақтау бөлімінің меңгерушісі Инна Гловацкаяның айтуынша, науқастың митральді клапанында ақау болған. Салдарынан жүрегі тоқтап қалған.
Клапанды ауыстыру - тәжірибемізде бар шара. Дегенмен, көпбалалы ананың жүрегі тоқтап қалды, оған қоса жасанды демалу аппаратына қосулы болды. Бұл қиындық туғызды. Павлодар қалалық ауруханасында ашық жүрекке ота жасауға жағдай жасалмаған. Себебі, арнайы күрделі құралдар қажет. Науқасты тасымалдауға болмайды, бірақ, бес баланың анасының өмірін сақтап қалғымыз келді. Кардиорталыққа бес минуттың ішінде жеттік. Әріптестеріміз бір адамдай жиналып, операциялық бөлмені дайындап қойды, - дейді Инна Гловацкия.
Күрделі отадан соң әйел 12 күн бойы жасанды демалу және қан айналымы аппаратына қосулы болды. Алты күн бойы комада жатты. Қазіргі уақытта паценттің жүрек және ми қызметі толық қалыпқа келтірілді.
Әйелім ауырып қалғанда Павлодарға бірден алып келдім. Дәрігерлерге тапсырдым. Кейін жүрегінің тоқтап қалғанын білдік. Ақ желеңділерге айтар алғысымыз шексіз. Үш-төрт күннен кейін үйге оралады. Қуаныштымыз, - дейді науқастың жолдасы Талғат Раев.
Дәрігерлердің айтуынша, операцияның сәтті өтуіне мамандардың бірлескен жұмысы себеп. Өз ісінің шеберлері әйелдің өміріне араша болып, қалыпқа келуіне атсалысты.