Павлодарлық азамат «Еңбек» бағдарламасымен өз кәсібіне оралды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар облысы Ефремовка ауылының тұрғыны Геннадий Бондарь 15 жыл бұрын мүгедектік алған. Ол көбіне толық емес жұмыс күні режимімен жұмыс істеді, бірақ Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының арқасында ол өз кәсібіне толықтай оралып, өз үйінен дәнекерлеу цехын ашты.
Геннадий Бондарьдың айтуынша, ол үшін тұрақты жұмыс тек жәрдемақыға үстеме ғана емес, сонымен қатар өзін дамытудың, пайдалы сезінудің тәсілі.
Досымызда бірнеше жабдық болды, біз онымен ақырындап дәнекерлеумен айналыстық – көршілерімізден, туыстарымыздан, таныстарымыздан кішігірім тапсырыстар алып отырдық. Бірде әкімдікте маған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы, бизнестің бір айлық курсынан өтіп, өз ісін ашу үшін грант алуға болатыны туралы айтты, – деп бөлісті азамат.
Алған мемлекеттік грантты ол жұмысқа қажетті жабдықты сатып алуға жұмсады және үйінде шағын дәнекерлеу цехын ашты.
Мүгедектігі бар азаматтар, басқа да осал әлеуметтік топтардың өкілдері сияқты, мемлекеттік бағдарламаға қатысуда басымдыққа ие. Біздің елімізде 700 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады, олардың жартысынан көбі еңбекке қабілетті жаста. Алайда, олардың ішінде ресми мәліметтер бойынша, шамамен 100 мың адам жұмыс істейді. Сондықтан мүгедектерді еңбек нарығына бейімдеу маңызды әрі өзекті мәселе болып табылады, – деп атап өтті ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты жұмыспен қамту департаменті Еңбек нарығын дамыту басқармасының басшысы Бақыт Қашырбеков.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл Қазақстан бойынша «Еңбек» бағдарламасына 526 мыңнан астам адам қатысып, түрлі қолдау түрлерін алды. 338,2 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 189,4 мыңы тұрақты жұмысқа, мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына 187,3 мың адам жұмысқа орналастырылды, 9,6 мың жеңілдікті кредит және 38 мың қайтарымсыз грант берілді, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне қысқа мерзімді оқытудан 33,2 мың адам өтті.
Өз кезегінде, осы мемлекеттік бағдарлама шеңберінде қолдау алған мүгедектігі бар адамдардың жалпы үлесі небәрі 2,1%-ды – 11,4 мың азаматты құрайды. Оның ішінде 4 мыңы тұрақты жұмыс орындарына, 6 мыңнан астамы уақытша жұмысқа орналастырылды, 448 азамат қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қамтылды, 284 адам микрокредит алды және 700 адам мемлекеттік грант алды. Ал 504 адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік қызмет негіздеріне оқытуға жіберілді.