Павлодарлық жастар «Алмалы бақ» жобасын жүзеге асыруда

Павлодар облысы. BAQ.KZ тілшісі. Павлодар ауданына қарасты Красноармейка ауылында «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында жастар аллеясы пайда болды. Шағын саябақ жергілікті аграрлық-техникалық колледждің аумағында салынды.

Аллея аумағында «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алып жатқан студенттер 60 алма ағашын отырғызды. Белсенді жастардың пайымдауынша, 10 жылдан соң бақшадан 10 алма сұрыбының алғашқы өнімін алып, осы жерде тынығуға мүмкіндік тумақ. «Алмалы бақ» жобасы шеңберінде тағы 40 алма ағашы, шылбы жидегінің 10 көшеті мен жүз қызғалдақ өсірілмек.

Айта кетейік, бірегей жоба ауданда алдағы президент сайлауына Nur Otan партиясының үміткерін қолдау мақсатында өткен ауыл жастары форумында таныстырылды. Шараға аудан жастары, колледж студенттері, ардагерлер мен үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.

 Жоба авторларының айтуынша, бұл - жастар аллеясының алғашқы кезеңі. Алдағы уақытта бұл жерде WI-FI жүйесі қосылған орындықтар орнатылып, бақша жастар үшін буккросинг орталығына айналады деп күтілуде.

«Саябақ аулы жастарының сүйікті демалыс орнына айналары анық. Аллеяның орнын колледж аумағында таңдаудың өзіндік сыры бар. Бүгінде оқу орнында 500-ден астам студент білім алуда. Болашақта бұл жер жастардың қатысуымен өтетін шаралардың орталығы болмақ», - дейді Красноармейка аграрлық-техникалық колледжі жетекшісінің орынбасары Айгүл Байжұманова.

Ұйымдастырушылар форум жастар арасында кез келген еңбек түріне жауапты қарауға шақыру мақсатын көздейді. Аллеяның құнарлы топырағына алма түрлерін өсірудің өз себебі бар. Жастардың айтуынша, Қазақстан жері - бүгінгі замандағы алманың туған жері. Сондықтан, бұл сүйікті жеміс болумен қатар, Қазақ елі үшін ата-бабадан қалған мұра іспеттес.

Еске салсақ, наурыз айында Красноармейка аграрлық-техникалық колледжінің студенттері, болашақ мал дәрігерлері «Аламан» атты ат клубын ашты. Енді білім алушылар атқа міну өнері мен мәдениетін тереңнен меңгермек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы