Павлодарлықтар 10 күн бойы караокемен Абай әндерін шырқай алады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясындағы "Абайдың өшпес әндері" атты жаңа караоке жобасы жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуеновтің айтуынша, аталмыш жоба Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы әртістерінің қатысуымен және Ертіс телеарнасымен бірге жүзеге асырылуда.Жоба 2020 жылдың 27 шілдесі мен 10 тамыз аралығында кешкі жаңалықтар арасында, яғни сағат 18:30-да тікелей эфирден көрсетілетін болады. Алғашқы болып аймағымызға белгілі өнерпаз Серік Рысбек қатысты. Жобаның келесі қатысушысы халықаралық байқаулардың лауреаты – Сәуле Мүсіпова. Әншілер 10 күн ішінде Абайдың 10 әртүрлі әнін орындайды. Оның басты ерекшелігі – көрермендердің бірге ән салуында. Қазіргі кезде караоке жобаларын дамытуды жоспарлап отырмыз. Оның алғашқысы – "Абайдың өшпес әндері". Соңғы нүктесі 10 тамыз күні, яғни ақынның туған күнінде қойылады. Бұл жоба ешбір қаражаттық шығынды талап етпейді, - дейді басқарма басшысы Ернұр Дәуенов.
Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының бас редакторы Сәуле Мұқаева жоба телеарна арқылы жас ұрпаққа Абайдың әндерін насихаттау мақсатында қолға алынғанын айтады.
Біздің шығармашылық ұжымдардың әртістері қатысады. Оның ішінде дәстүрлі және эстрадалық вокал жанрында орындайтын әншілер бар. Дәстүрлі орындаушылар қазақтың қара домбырасымен ақынның әндерін паш ететін болады. Көрермен қауымға Абай Құнанбайұлының көпшілікке танымал "Желсіз түнде жарық ай", "Өзгеге көңілім тоярсың", "Сұрғылт тұман дым бүркіп", "Татьянаның хаты", "Көзімнің қарасы", "Айттым, сәлем Қаламқас", "Қараңғы түнде тау қалғып", "Мен бір жұмбақ адаммын", "Тереңдеп қарайсың" және "Қор болды жаным" деген әндері ұсынылады, - дейді Сәуле Мұқаева.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Қазақстандықтар тамыз айында 11 күн демалады
Өзгелердің жаңалығы