Павлодарлық құтқарушылар су тасқыны кезеңіне дайындалуда
Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары басталды. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары арнайы техниканың әзірлігін тексерді.
Биылғы қыста облыс аумағында жауын-шашын екі есе көп түсті. Бүгінде елді мекендерден 400 мың текше метр қар шығарылып, полигондарда 600 мың тоннадан астам ақ ұлпа жиналып қалған. Сол себепті кей аумақтарды су басу қаупі туындайды.
Төтенше жағдайлар қызметі мамандарының айтуынша, күш құрылымдары ақпан және наурыз айларында күшейтілген режимде жұмыс істеді. Салалық мемлекеттік мекемелер өзара іс-қимылына және ден қоюға дайындығын тексеру үшін ауқымды жаттығулар мен басқа да практикалық сабақтар өткізді. Жедел әрекетті қамтамасыз ету, көктемгі кезеңдегі төтенше жағдайлардың ықтимал салдарын жою кезінде құтқару бөлімшелерінің іс-әрекетінің тиімділігін арттыру мақсатында департамент ғимаратының алаңында жеке құрам мен арнайы техниканың саптық байқауы өтті. Олар көктемгі су тасқыны кезеңінде жұмылдырылатын болады.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ернұр Өтегеновтің айтуынша, бүгінде дамба, үйінділер мен жолдардың бойындағы құбырлардың техникалық жағдайы жіті тексеріліп жатыр.
Әзірге қауіп төнуі мүмкін деген 15 орын анықтады. Бірақ, жағдай қардың еруіне байланысты өзгеруі мүмкін. Қазіргі уақытта арнайы техника құралдары түгелі дайын, - дейді Ернұр Өтегенов.
Синоптиктердің хабарлауынша, қазіргі таңда облыс аумағында қар жамылғысының биіктігі нормадан орташа есеппен 30%-ға артық, ал топырақтың қатуы мен ылғалдануы 20%-ға төмен. Көршілес облыстармен шектесетін жерлерде қардың қоры екі есе артық.
Сондықтан, бұл жағдай Ақтоғай және Баянауыл аудандарындағы су тасқыны кезеңін күрделендіріп жіберуі мүмкін. Мамандардың айтуынша, "Қалқаман-Баянауыл-Үміктер-Ульяновск" республикалық жолының 10-шы және 104-ші шақырымдарындағы жолды су басуы ықтимал. Сол себепті, келесі жылы бұл учаскеде күрделі жөндеу жүргізілмек. Нақтырақ айтқанда, екі көпір салынып, жол төсемі көтеріледі.