Павлодарлық музыкатанушы 27 мыңнан астам сирек күйтабақтарын мемлекетке аманат етпек

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Әлемдегі жалғыз сирек күйтабақтар мұражайының негізін қалаушы Наум Шафер алтын қорын мемлекеттің игілігіне қалдырмақ. Музыкатанушы өсиетхат жазып, ресми мәлімдеме жасады.

Бүгінде мұражай-үйдің қорында әлемдегі бес құрлық халықтарының музыка қорын көрер едіңіз. Мұнда 27 мың патефон пластинкасы, магнитофон жазбаларының 1500 данасы және 1500 аудиокассета сақталған.  Наум Григорьевичтің бала кезінен жинақтап, көзінің қарашығындай сақтаған күйтабақтары бүгінде тұтас мұражайға айналып, шетелдік туристердің зор қызығушылығына ие. Жинақтардың басым бөлігі түпнұсқа күйінде сақталған.



Коллекциядағы ең көне күйтабақ 1898 жылға тиесілі. Олардың қатарында әлем бойынша сирек кездесетін пластинкалар бар. Мәселен, қазақ тілінде алғаш рет жазылған күйтабақ осы мұражайда сақтаулы. Байғали Досымжанов, Әнуарбек Үмбетбаев, Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев сынды біртуар азаматтардың шығармалары жетерлік рухани орданың төрінде тұр. Сонымен қатар, атақты сазгер, палуан Иманжүсіп Құтпанұлының ұмыт бола бастаған «Ерейментау», «Сарымойын» әндері жазылған күйтабақтар бар. Олардың барлығы түпнұсқа күйінде. Мұражайда 1936 жылы қазақтың бірінші күйтабағына жазылған Құрманғазының «Кеңес» күйін Жаппас Қаламбаев пен Лұқпан Мұхитовтың орындауындағы әуенді тыңдауға болады. Бұдан бөлек, «Күләш Байсейітова ән шырқайды», «Жамал Омарова ән салады» атты жинақтар қалың тыңдарманға қолжетімді.


Евгений Брусиловскийдің шәкірті Наум Шафердің мұрасының төңірегіндегі шу тыйылар емес. Себебі, жергілікті билік өкілдері бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында бірегей мәдени нысанның жеке мәртебесінен айырып, Бұқар жырау атындағы облыстық өнер және өнер музейінің филиалына айналдыруды ұйғарған.

Жергілікті зиялы қауым өкілдері алтын қордың болашағына алаңдаушылық білдірсе де, сала мамандары осындай шешім заң жүзінде қабылданғанын алға тартты.


«Жеке коллекциялардағы қорды мемлекет тарапынан қаржыланыруға заңды құқығымыз жоқ. Соңғы 18 жылдың ішінде Шафердің мұражай-үйін қаржыландыруға 110 млн. теңге бөлінген. Осы уақыт аралығында 88 жастағы профессор мәдени ошақ директорының орынбасары қызметін атқарды. Тексеріс нәтижесінде жеке қорды мемлекет есебінен ұстауға болмайды деген шешім қабылданды. Сондықтан, мекеме облыстық әдебиет және өнер музейінің филиалына айналды», - дейді облыстық мәдениет, құжаттама және мұрағаттар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлзира Баширова.

Профессордың өзі оңтайландыру үрдісіне қарсы емес. Тек музейді республикалық кино, сурет және дыбыстық жазба мұрағатының филиалы болса деген пікірде.

«Жеке коллекцияма тиісті қамқорлық жасалса болғаны. Бар тілегім – осы. Өмір бойы жинаған қор ғой, қайран еңбек. Бұған дейін қорды сатып алуғи ниеттенген азаматтар көп болды. Бірақ, мен бас тарттым. Себебі, бұл мұражай бірегей. Қазіргі таңда елімізде күйтабақтарды зерттеумен айналысатын мамандар жоқ. Ал біздің музейде грампластинкалардың тарихын зерттеумен айналысатын азаматтар бар. Бұл – әлемдегі ең бай коллекция», - дейді Наум Шафер.

Ақмаржан Әділбек

Фотолар: автор

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы