Павлодарлық ардагерлер Елбасыға алғыс айтты
Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің ардагерлер қауымы еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттілігін тоқтатуына қатысты пікірлерін білдірді.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рымтай Шөкеевтің пікірінше, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүргізген сарабдал саясаттың арқасында әлем қазақ елін танып білді, құрметтеді.
«Тұңғыш Президенттің мәлімдемесі - тарихи сәт. Еліміздің саясат, экономика, білім-ғылым, кез келген саладағы зор жетістіктері Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен етене байланысты. Біз 30 жыл бойы Тұңғыш Президенттің саяси жолының куәгерлеріне айналдық. Бұл тұлғаның арқасында Қазақстан дамыған және бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына енді. Экономикамыз өркен жайып, халықтың әл-ауқаты жақсарды», - дейді Рымтай Шөкеев.
Ертіс өңірінің ардагер журналисті Ғалия Балтабайдың айтуынша, Елбасы қабылдаған кез келген шешім - халқымызды дамуға өркендеуге жетелейді.
«Мен Тұңғыш Президентінің ерлігін, парасаттылығын, көрегенділігін көрдім. Нұрсұлтан Әбішұлы - Астана қаласын салған парасатты тұлға. Менің ойымша, Қазақстанды әлемге танытқан осы тұлға. Президентімізге «Ұлы даланың жеті қыры», «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақалаларына ерекше алғысымды білдіргім келеді. Бүгінде келер ұрпақ, біз, күллі әлем көшпенді халқымыздың ұлттық құндылықтарын танып-біліп жатыр», - дейді ардагер-журналист.
Павлодар қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенже Кеңесбаев бұл жаңалықты ерекше тебіреніспен қабылдағанын айтады.
«Шыны керек, біраз күйзелдім. Себебі, 30 жылдың дересінде Нұрсұлтан Назарбаевқа үйреніп қалдық. Десе де, өмір жалғасады. Жалпы, бүгінгі күнге дейін Тұңғыш Президентіміз сындарлы сәттерде жігерлі шешімдер қабылдады. Қиындықтарға халықпен бірге төтеп бере білді. Сондықтан, бұл шешімді ұлы жоспардың бір парасы деп білемін. Өзімнің еңбек жолымда Нұрсұлтан Әбішұлымен бірнеше мәрте жүздесу мүмкіндігіне ие болғаныма қуаныштымыз. Менің жасым - 69-да. 49 жыл бойы түрлі қызметтерде болдым. Баянауыл ауданының әкімі болған тұсымда Президенттің қолынан «Алтын барыс» төсбелгісін алдым», - дейді Кенже Кеңесбаев.