Павлодардың өнеркәсіп нысандарында 150-ден астам бұзушылық анықталды
Павлодар облысының тұрғындарымен кездесуде Сырым Шәріпханов өңірде жұмыс істеп жатқан ірі өнеркәсіптік кешендерінің жұмысы туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәселен, өңірде «Богатырь Көмір» (көмір өндіру), «Ақсу ферроқорытпа зауыты» (ферроқорытпа өндірісі), «Қазақстан алюминийі» (глинозем, электр энергиясын өндіру), «Павлодар мұнай-химия зауыты» (мұнай өнімдерін өндіру) сияқты ірі өнеркәсіптік кешендер жұмыс істейді.
ТЖ министрлігі облыстың 170 кәсіпорнында өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша мемлекеттік қадағалау мен бақылауды жүзеге асырады. Барлығы 12 мыңнан астам қауіпті техникалық құрылғы бақылауда бар.
2023 жылдың 5 айында екі жүзден астам объекті тексеріліп, 150-ден астам бұзушылық анықталды.
«Өндірістік объектілердегі ТЖ-ның негізгі себептері өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтамау, тозған жабдықтарды пайдалану, оларды уақтылы алмастыру және жаңғырту, сондай-ақ жұмыскерлерді қанағаттанарлықсыз даярлау өндірістік авариялар мен инциденттерге әкеп соғады», - деп Павлодар облысының тұрғындарымен кездесу барысында Сырым Шәріпханов атап өтті.
ТЖ министрі Сырым Шәріпханов өндірістік кәсіпорындардың өкілдерін өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды.