Мәскеуде Павлодардың инвестициялық күндері өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ресей астанасында Павлодардың инвестициялық күні өтеді. Бизнес-форумға облыс әкімі Болат Бақауов бастаған делегация қатысады.

Инвестициялық әлеуетті арттыруға бағытталған бизнес-форум екі ел арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтереді деп күтілуде. Сондай-ақ шара Павлодар облысының дамуына тың жол ашпақ. Өйткені, Павлодар облысы Ресейдің бірнеше өңірімен шекаралас орналасқан. Статистикаға сүйенсек, облыстың сыртқы саудадағы үлесінің 40 пайыздан астамы Ресей Федерациясының тиесілі.

Мәселен, 2018 жылы Павлодар облысы мен Ресей Федерациясы арасындағы өзара сауда айналымы 1,8 млрд долларды немесе 112,58 млрд рубльді құраған. Бұл 2017 жылдың көрсеткішінен 25 пайызға жоғары. Осы орайда, павлодарлық тауар өндірушілер Ресей нарығына 1,1 млрд доллардың өнімін жеткізген. Оның ішінде құбыр өнімдерін (84 есе өскен), ферроқорытпа (147 пайызға ұлғайды), полипропилен өнімдерін (1,7 есе артты), мұнай коксы (1,9 есе), ет, құс және жартылай фабрикаттар (103 пайызға) және басқа да өнімдерді жеткізу көлемі артып отыр. Макарон өнімдерін, гүл жеткізу көлемі де едәуір ұлғайған.

Ал Ресей Федерациясынан біздің өңірге 650 млн доллардың өнімі импортталған.

Бүгінде Павлодар облысы Ресейдің Омбы, Новосібір облыстарымен және Алтай өлкесімен шектеседі. Бұл өңірлер Павлодар облысының сыртқы сауда саясатындағы маңызды аймақтар болып саналады. Бұдан бөлек, Павлодар облысы Татарстан Республикасымен, Қорған және Түмен облыстарымен де екіжақты байланыс орнатқан.

Павлодар облысы ресейлік инвесторларды арзан электр энергиясымен, түрлі өндірістік кластер құру мүмкіндігімен қызықтырып отыр. Сондай-ақ Павлодар облысы Қазақстанның индустриялық орталықтарының бірі саналады. Облыс ферроқорытпа, бензин, глинозем, алминий, көмір өндірісі бойынша республикада алдыңғы орындарға ие. Бұдан бөлек, облыс тоғыз жолдың торабында орналасқан. Яғни, транзиттік әлеуеті жоғары.

Қазіргі таңда Павлодар облысында түрлі өндірістік жобалар қолға алынуда. Бұл өз кезегінде инвесторларды қызықтырары анық. Оның үстіне «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында инвесторларға өте тиімді жеңілдіктер қарастырылған.

Шара барысында мәскеулік кәсіпкерлерге Павлодар облысында инвесторларға жасалып отырған жағдайлар мен басымдықтар туралы егжей-тегжейлі баяндалатын болады.

Сондай-ақ шара қорытындысы бойынша екіжақты тиімді келісімдерге қол қойылады деп күтілуде.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы