Павлодардың 72 тұрғыны Астана күні қарсаңында баспаналы болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Циолковский, 12/3 мекенжайындағы жаңа көпқабатты үй "Нұрлы жол" бағдарламасының аясында тұрғызылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Павлодар әкімі Қайрат Нүкенов павлодарлықтарды екі бірдей мерейлі күнмен құттықтады.

Келе жатқан Астана күнімен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекетіміздің басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын көтеру. Қазіргі уақытта әлеуметтік жаңғырту мәселесіне ерекше назар аударылған. Міне, бүгінгі үйдің ашылуы – тұрғын үй саясатымыздың маңызды нәтижесі. Шаңырақтарыңыз әрқашан жақсылыққа тола берсін. Барлықтарыңызға ырыс, бақ-береке тілеймін, - дейді Қайрат Нүкенов. 

Қалалық қаржы бөлімі басшысының орынбасары Асығат Ахметовтің айтуынша, баспаналы болған 72 адамның 27-сі – жергілікті атқарушы органдардың өкілдері. Қалғандары – "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" салымшылары.

Бүгін қоныс тойын тойлаған 3-қалалық аурухананың сәулелі диагностика дәрігері Мейіржан Машрапов қала басшылығына ризашылығын білдірді.

Бұл өміріміздің ең бақытты сәттердің бірі. Әкімдік пен "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне" мемлекеттік бағдарламаға қатысып, сол арқылы бір бөлмелі пәтердің иесі болғанымызға алғыс айтамыз. Осынау қиын-қыстау заманда үй құрылысына атсалысқан азаматтарға да ризамыз. Дәрігер ретінде барлықтарыңызға зор денсаулық тілеймін, - дейді ол.

Айта кетейік, "Сарыарқа" мөлтек ауданында бой көтерген жаңа үй 72 пәтерден тұрады. Олардың 36-сы бір, 18 – екі және қалған 18-і үш бөлмелі пәтерлер.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы