Павлодардан Абай облысына гуманитарлық көмек жөнелтілді

Ертіс өңірінен Абай облысына гуманитарлық көмек жөнелтілді, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Азық-түлік, киім-кешек және де өзге қажетті заттардан құралған көмек бір тәулік ішінде жиналды.

Торайғыров университеті студенттер қауымдастығының төрағасы және Абай облысына аттанған еріктілер жасағының басшысы Дәлелхан Кенжебектің айтуынша, алапат өрт болған күндері волонтерлер отрядын жинау шешімі қабылданды. Бас-аяғы 30 волонтер аттанды.

Бұл әрекетімізді азаматтық борышымыз деп санадық. Біз келесі бейсенбіге дейін зардап шеккен адамдарға көмектесуді көздеп отырмыз. Қолымыздан не келеді, соның бәрін абыроймен атқарамыз. Барлығы ойдағыдай болады деген сенімдемін, - дейді Дәлелхан Кенжебек.

Облыстық мәслихат депутаты Илья Теренченконың хабарлауынша, көрші облыс тұрғындарына көмек көрсету мақсатында халық қалаулылары 15 млн теңге бөлген.

Қысқа мерзім ішінде 20 мың бөтелке сусын жиналды. Жергілікті сусын өндіруші компания жеңілдік жасап берді. 10 мың тонна жанар-жағармай, азық-түлік, жарма өнімдері, дәрі-дәрмек қоры жасақталды. Бұл қор көрші облыс тарапынан түскен сұраныс бойынша жиналды. Гуманитарлық көмек көлемі шамамен 30 мың тоннаны құрап отыр. Біздің облыс тұрғындары отандастарымыздың қиын жағдайына бейжай қарай алмайды. Әрдайым көмек қолын созуға әзір, - дейді Илья Теренченко.

Айта кетейік, облыстағы екі жоғары оқу орны өрттен зардап шеккен отбасылардың балаларына 15 оқу грантын бөлді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы