Павлодардағы спорт сарайының мұздатқыш жабдығы әбден тозған

Облыс орталығындағы «Астана» мұз сарайының мұздатқыш жабдығы 20 жыл бойы үздіксіз жұмыс істеп келеді. Құрылғы бірнеше рет жөндеу көргенмен, мұздың сапасы нашарлауы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Сала мамандарының айтуынша, толыққанды жөндеу жүргізуге мүмкіндік жоқ. Біріншіден, қаражат жағы алаңдатады. Екіншіден, мұз спорт түрлеріне деген сұраныстың жоғары болғаны соншалық, жаттығу үрдісін тоқтатуға мүмкіндік жоқ. Себебі Павлодарда осы тектес екі-ақ нысан бар. Ал хоккей мен мәнерлеп сырғанаумен айналысқысы келетін жеткіншектердің қарасы қалың.

Мамандардың айтуынша, қолданыстағы мұздатқыш әбден ескірген. Жөнделмесе, кез келген уақытта қирап қалуы мүмкін. Оған қоса, компрессор кей талаптарға сай емес. Қазіргі уақытта энергия аз тұтынатын, тиімді жұмыс істейтін ұқсас құралдар жетерлік.

Жоғары спорттық шеберлік мектебінің директоры Қайрат Қайырбаевтың айтуынша, 20 жылдың қолданыс – аса ұзақ мерзім. Кез келген құрылғыны 10 жыл сайын ауыстырған жөн.

Машинаның көптеген механикалық бөлшектері нашар күйде. Біз қолдан келгенше әрекет етіп жатырмыз. Себебі жаттығу үрдісін бұзуға болмайды. Бұған дейін бірнеше рет жөндеу жүргіздік. Бірақ бұл жыртығымызды жамаумен пара-пар. 20 жыл ішінде заманауи технологиялар пайда болды. Нарықта өзге де мұздатқыштар пайда болды. Қазіргі уақытта адамның басқаруынсыз жұмыс істейтін жабдықтар бар. Мәселен, бүгінде «Спорт сити» қалашығында заман талаптарына сай құрылғы тұр. Осындай жабдық орнатылса дейміз, - дейді Қайрат Қайырбаев.

Сала мамандарының айтуынша, компрессорды ауыстыру бағасы жыл сайын өсіп келеді. Сондықтан тиісті жұмыстарды жедел қолға алған жөн.

Мұздатқыш компрессорды орнату, құрылыс-монтаждық жұмыстар, іске қосумен бірге 120-140 млн теңгені құрап отыр. Осындай коммерциялық ұсыныстар келіп жатыр. Жаңа құрылғы мұздың жоғары сапасын қамтамасыз етеді. Бүгінде ескі мұздатқыш жұмысы параметрлерге жауап беру үшін ұзақ уақыт алады. Салдарынан жаттығу үрдісі қысқарады, - дейді мектеп директоры.

Облыстық спорт басқармасының өкілдері бұл мәселеден хабардар. Мекеме басшысының орынбасары Нұрлан Есембаевтың айтуынша, бюджеттік өтініш жасалған.

Бюджеттік өтініш жасақталды. Мұздатқыш құрылғысын ауыстыру қажет. Әзірге өтінішіміз мақұлданған жоқ, - дейді Нұрлан Есембаев.

Айта кетейік, Павлодардағы жоғары спорттық шеберлік мектебінің 500-ге жуық шәкірті бар. Жеткіншектер шайбалы хоккей мен мәнерлер сырғанаумен айналысады. Әлі де сұраныс жоғары. Сондықтан алдағы екі жылда Екібастұз және Павлодар қалаларында демеушілердің қолдауымен заманауи мұз сарайлары бой көтеріледі. Қазіргі уақытта жер учаскелері анықталды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы