Павлодардағы саяжайларда ұрлық азайды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ертіс бойындағы бағбандар біраз жыл ұры-қарыдан теперіш көріп келген. Енді алаңдамауға болады. Себебі саяжайлар аумағында атты полиция жүреді. Каваалериялық взвод күнбе-күн ауысым бойынша тексеріс жүргізеді, деп жазды «Хабар 24»
Өңірде саяжай маусымы бірнеше күн бұрын жабылды. Учаскелерде жүрген бағбандар некен-саяқ. Десе де, қылмыстарды алдын алу шаралары жалғаса бермек. Атты взвод өкілдері жұмысын үзбеген. Павлодар аумағында осындай 19 аумақ бар. 23 мыңнан астам саяжай учаскесінде халық көкөніс-жеміс өсіреді. Тағы 21 мыңнан астам үйшік қараусыз қалған. Бар мәселе осында. Кезбелер мен ішімдікке бойы ұрған азаматтар жиналып, көршілес жатқан үйлердің мүлігін жиі қолды қылады.
Саяжайларда қасақана өртеу, мүлік ұрлығы сияқты ұсақ құқықбұзушылықтар жиі кездеседі. Бұл жерлерде металл бұйымдары, қоршаулар мен шағын үйлерде қалған заттар жиі ұрланады. Учаске иелері үйлерін құлыптап, бағалы заттарын қалдырмағаны дұрыс, - дейді қалалық ІБ кавалериялық взвод командирінің орынбасары Сұңғат Сапаров.
Атты взод үш жыл бұрын жасақталды. Жаңа құрылым қызметкерлерінің қарамағында 18 көмекші бар. Тәртіп сақшыларының жылқылары бұл қызметке бейімделіп алған. Оларды күтіп-баптауға да полицейлер өздері жауапты. Қысқыға шөбі мен жемін дайындап қойған.
Саяжайлар арасында патруль жасаймыз. Әр саяжай учаскесінде екі-екі жылқыдан. Қысқыға дайындығымыз жақсы. Жем-шөп, бәрі бар, - дейді полицей-кавалерист Ерасыл Шегебаев.
Саяжай маусымы жабылса да, қылмыс болмайды деген сөз емес. Өткен кезеңде мүлік ұрлығының 44 дерегі тіркелген. Өткен жылдармен салыстырғанда қылмыс айтарлықтай азайған. Оңай олжа тапқысы келгендер темір-терсек, техника құралдары, ұялы телефондар мен велосипедтерді қолды қылған. Олардың барлығы жауапқа тартылды.