26 Шілде 2026, 18:25 Фото: istockphoto.com

Павлодардағы көпқабатты үйден шыққан өрттен 20 адам эвакуацияланды

Төтенше жағдай кезінде тұрғындар өздігінен сыртқа шығып, зардап шеккендер болған жоқ

Павлодарда 26 шілде күні таңертең Малайсары батыр көшесіндегі тоғыз қабатты тұрғын үйдің бір пәтерінен өрт шықты. Тұрғындар подъезден өз күштерімен шығып үлгерген. Олардың арасында бес бала бар.

Өртке оранған көпқабатты үйдің видеосы әлеуметтік желілерде тарады. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт туралы хабар 101 қызметіне сағат 11:06-да түскен. Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына жеткен кезде жетінші қабаттағы пәтерді жалын шарпыған. Пәтердегі жиһаз бен тұрмыстық заттар өртенген.

Өрт сөндірушілер бірден жалынды ауыздықтап, подъезді тексеруге кіріскен. Оқиға орнында газ-түтіннен қорғау қызметінің екі буыны жұмыс істеді. Бір топ құтқарушы пәтер ішіндегі өртті сөндірсе, екіншісі ғимараттың сыртында жұмыс жүргізді.

Өрт 24 минуттан кейін, сағат 11:30-да оқшауланды. Тағы 18 минут өткен соң, сағат 11:48-де толықтай сөндірілді. Жалын 25 шаршы метр аумақты шарпыды, – деп мәлімдеді ведомство.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.