Павлодардағы әдебиет және өнер музейі құнды жәдігермен толықты
Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңіріндегі Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қоры құнды жәдігерлермен толықты.
Өз заманының танымал тұлғасы болған Сары бәйбішенің жеке заттары, атап айтқанда, қойдың жауырын сүйегі музейге тарту етілді. Емші бұл сүйекті адамдарды емдеу кезінде пайдаланған. Көріпкелдің ұрпақтары, сонымен қатар, Құран кітабының парақтары мен тұмарды тапсырды.
Музей қызметкерлерінің айтуынша, жәдігерлер «Сара бәйбішенің дара жолы» атты экспедиция барысында танылған.
Сары бәбішенің шын аты – Бибісары. Ол Сыр бойында тұрған, кейін Көкшетау өңірінің Ереймантау, Баянауыл жеріне көшіп келген. Апамыз бала кезінде ауырып қалып, қасиетті адамдарға барып ем іздепті. Бибісарының көрген емші сары ала қойды сойып, елге тарату керек деп өтініш айтқан. Сосын қойдың жауырын сүйегін қалдыру керек деп аян етіпті. Осылайша, апамыз сол жауырын сүйекпен ел де басқарған, жоңғарларға қарсы шыққан. Осылайша, қасиетімен елге танылған. Бүгінде Сары бәйбішеміздің ұрпақтары еліміздің түкпір-түкпірінде тұрады. Жуырда апамыздың туған жеріне барып, рухына құран бағыштадық. Болашақта кішігірім мазар тұрғызбақ ниеттеміз, - дейді Сары бәйбішенің ұрпағы Бауыржан Тәшімов.
Сары бәйбішенің ұрпақтары жауырын сүйекті 48 жыл бойы көздің қарашығындай сақтап келген. Ұзақ жылдардан соң жәдігерді музейге тапсыруды шешкен. Сары бәйбіше жауырынмен тылсым дүниенің тілін біліп, болашақты, ауа райы құбылыстарын болжап, халыққа бағыт-бағдар көрсеткен.
Сары бәйбіше әулиенің айтқанын орындайды. Қазіргі Бәйімбет алаңына елін орналастырып, өзі жерленген жерге қазық қағып, «мына жерде менің отауым тігілсін, дүниеден өткенде де осы жерге жерлеңдер» деп аманат еткен. Қазіргі кезде емшінің жатқан жері Аққулы ауданының Шақа ауылдық округінде орналасқан.