Павлодарда жылу желісін жөндеу барысында көне шіркеудің іргетасы табылды

Павлодарда Марғұлан-Естай және Сәтбаев көшелері орналасқан аумақта көне шіркеу іргетасының қалдықтары табылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазір бұл аумақта жылу желілерінің реконструкциясы жүріп жатыр. Қазба барысында қаланған ескі кірпіштің қалдықтары табылды.

Павлоларлық өлкетанушы Людмила Баюшеваның айтуынша, дәл осы жерде 130 жыл бұрын Әулие Троицк шіркеуі орналасқан. Сондықтан бұл кірпіштер сол храмның қалдықтары деп топшылауға болады.

Ақпаратты нақтылау үшін кірпіш тасының сараптамасы қажет. Тарихқа көз жүгіртсек, 1893 жылы Сәтбаев және Естай көшелерінің қиылысында тастан қаланған шіркеу болған. Араға 11 жыл салып діни мекемеге кафедралды деген мәртебе берілген. Сол сәтте бұл ғимарат Павлодар қаласының көрікті орындарының бірі болған. Мұрағаттық деректер бойынша нысанды салуға жергілікті көпестер мен саудагерлер атсалысқан. Ғимараттың іші ашық қоңыр түсті, ал сырты қызғылт түспен боялған. Сонымен қатар ақ түспен сырланған. Сондықтан, тұрғындар осы орынды «ақ шіркеу» деп атап кеткен. Өткен ғасырдың 30-жылдары шіркеулер жаппай жабыла бастағаны белгілі. Ғимаратты Қорғаныс үйінің иелігіне беріп, орнында спорт клубын ашу туралы шешім қабылданды, - дейді өлкетанушы.

Дегенмен, ғимарат екі жыл бойы қараусыз қалды. Кейін қолданысқа жарамсыз болғандықтан, бұзылған. Шіркеудің кірпіші жаңа мектептің құрылысында пайдаланылды. Осылайша, 44 жыл тұрған нысан сүрілді. Сонымен қатар 1938 жылы оның орнында тұрғын үй салынды. Қазір баспана «16 пәтерлі үй» деген атаумен танымал.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Өлкетанушының жеке парақшасынан
Өзгелердің жаңалығы