Павлодарда жыл соңына дейін жаңа мұз айдыны салынады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодарда «Спорт-Сити» жобасының шеңберінде бір ауысымда 50 адамға дейін жаттыға алатын мұз айдынының құрылысы жүріп жатыр, деп мәлімдейді Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Мұз айдынның жанында жабық футбол алаңы мен жеңіл атлетика манежі және олипиадалық резервті даярлау орталығы бой көтереді.
Павлодар обысының дене тәрбиесі, туризм және спорт басқармасының бас маманы Айнұр Қоспақованың айтуынша, мұз айдынында кәсіби спортшылармен қатар, коньки спортының әуесқойлары да сырғанай алады. Спорт нысанының құрылысын «ТОИР» ЖШС жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда мердігер құрылыс-монтаждау жұмыстарын 80 пайызға орындаған.
«Қазіргі кезде мұз айдыны орналасатын ғимарат толықтай салынып болды. Енді оның ішіндегі әрлеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мұз айдынына табиғи мұз пайдаланылады. Қазір біз мұз түзеу жабдықтарын құрастырудамыз», - деді мердігер ұйымның директорының орынбасары Әлімжан Исмаилов.
Шатыр астындағы футбол манежінің құрылысына келетін болсақ, жобаның жалпы құны 1,5 миллиард теңгеге жуық соманы құрайды. Бір миллиардтан астам қаражат нысанның құрылысына жұмсалса, қалған сомаға трибуналар, жасанды шөп жабындысы және өзге де жабдықтар сатып алынады.
Футбол манежінің құрылысын «Taraz Qurylys Invest» ЖШС-і жүргізіп жатыр. Қазіргі кезде құрылыс компаниясы манеждің қазаншұңқырын қазып, фундамент торын дәнекерлеу және іргетас блоктарын орнатумен айналысып жатыр.
Спорт нысандары құрылысының бас жоспарына сәйкес «Спорт-Сити» аумағында мүгедектерге арналған жаттығу алаңы, велодром, волейбол және баскетбол алаңдары орналастын болады.