Павлодарда жоқ зауытқа 2,4 млрд теңгеге инженерлік желілер тартылған

Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында кәсіпкерлік субъектілеріне көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігіне жүргізілген аудит қорытындылары жөнінде баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, аудит бағалауынша, жекелеген жобалар бойынша қаржыландыру көлемі асыра көрсетілген.

Шығыстар жеңілдікпен берілетін кредиттің мақұлданған сомасына сәйкестендірілген. Құқықтық тұрғыдан қарасақ, талап етілетін жобалық құжаттама бар, кредиттер өтелуде. Алайда артық қаражат басқа жобаларға бағытталуы мүмкін еді, – деді Смайылов.

Ол құнын дұрыс есептемеу салдарынан тек бір жоба бойынша 20 млрд теңге немесе қарыз сомасының 16 пайызы игерілмей, күші жойылғанын атап өтті.

Сонымен қатар мемлекеттік қолдау көрсетілген кезеңде кейбір бизнес субъектілерінің меншік иелеріне дивидендтер төлеген жағдайлары анықталған.

Бұған шектеу қарастырылмаған. Алайда мемлекеттік қолдау сомасынан асатын мөлшерде дивидендтердің төленуі алаңдатады, – деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.

Аудит барысында жобаларды қаржыландыру кезінде қаражатты түпкілікті алушыларға дейін жеткізу ұзақ уақытқа созылған фактілер де тіркелген. Осыған байланысты, Әлихан Смайыловтың айтуынша, мемлекеттік қолдау шараларын алушылар үшін қарсы міндеттемелер белгіленуі тиіс.

Олар орындалмаған жағдайда қаражат қайтарылуы қажет. Алайда мұндай міндеттемелер барлық жерде көзделмеген, – деді ол.

Нәтижесінде, мысалы, Павлодар қаласында іс жүзінде жоқ зауытқа 2,4 млрд теңгеге инженерлік желілер тартылғаны анықталған.

Жекелеген жағдайларда қарсы міндеттемелер оңай орындалатын түрде белгіленген. Мәселен, 37 млрд теңгеге қолдау көрсетілген бір жоба бойынша салық түсімдерінің өсуінен бөлек, жұмыскерлер штатын небәрі бір адамға ғана арттыру талап етілген.

Смайылов қарсы міндеттемелердің орындалуын бақылау көбіне қолмен жүргізілетінін атап өтті. Бұл, оның айтуынша, міндеттемелерді орындау туралы деректерді манипуляциялауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар операторлардың көпшілігінің қызметінде міндеттемелер сақталмаған жағдайда айыппұл санкцияларын қолдануда субъективті көзқарас басым екені көрсетілді.

Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметіне тоқталған Смайылов олардың өңірлік даму институттары ретінде құрылғанын еске салды.

Корпорациялар мемлекет пен бизнес арасындағы байланыстырушы буын, өңірлік деңгейде басым жобаларды іске асыру құралы болады деп болжанды, – деді ол.

Алайда іс жүзінде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар өзге функциялармен айналысып отыр. Атап айтқанда, үлестік қатысу, мүлікті жалға беру және сенім білдірілген агенттердің қызметтерін көрсету кең тараған. Бұған орталық мемлекеттік орган тарапынан жүйелі үйлестіру мен стратегиялық басқарудың болмауы себеп болған.

Бүгінгі таңда, оның айтуынша, корпорацияларда нақты мақсаттар, қызметтің бірыңғай бағдарлары және дамудың түсінікті моделі айқындалмаған. Қазіргі кезде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар кәсіпкерлерді негізінен жеңілдікпен кредит беру арқылы қолдаумен шектеліп отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы