Жеңіс-75: Павлодарда аудио кітап жарық көреді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодардағы көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған облыстық арнайы кітапханаға 50 жыл толды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Кітапхана басшысының орынбасары Ләззат Қуантаева кітапхана 2020 жылы 10-нан астам ірі жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырғанын атап өтті.
Биыл дәстүрлі және мерейтойымызға арналған көптеген шаралар өтеді. Соның ішінде 10-нан астам ірі жоба бар. Оның екеуі – халықаралық, екеуі – республикалық деңгейдегі шаралар. Ресейдің Самара қаласындағы арнайы кітапханамен тығыз байланыс орнатылған. Олармен онлайн байланысқа шығып, қазақ халқының салт-дәстүрін насихаттау көзделген. Жеңістің 75 жылдығына орай сәуір-мамыр айлары аралығында балаларға соғыс туралы шығармаларды оқимыз. Республикалық деңгейде Абайдың 175 жылдығына орай өтетін шараға қатысамыз. Оған қоса, қыркүйек айында кітапханамызда еліміздегі арнайы кітапханалардың басын қосып, семинар өткізбек ойымыз бар, – деді Ләззат Қуантаева.
Сонымен қатар кітапханадағы жаңадан ашылған "Жан алауы" дыбыс жазу студиясында Жеңіске арналған шығармалардың аудио кітабы жарыққа шығады.
Ләззат Қуантаеваның айтуынша, 50 жыл толып жатқан кітапхананың 2600-ден астам оқырманы бар. Оның 1688-і көзі көрмейтін және нашар көретін, мүмкіндігі шектеулі оқырман.
Біздің кітапханамызда көзі нашар көретін, есту сезімі нашар деген сияқты түрлі жағдайдағы мүмкіндігі шектеулі оқырман бар. Жалпы, оқырмандарымыздың саны өткен жылдың қорытындысы бойынша 2678-ге жетті. Кітап қорымыз 80 мыңнан асады. Оның ішінде "Брайль" жүйесімен жазылған 7300 кітап бар болса, 32 мыңнан астамы – дыбысталған кітаптар, – деді Ләззат Қуантаева.
Айта кетейік, аталған арнайы кітапхана Павлодар облыстық мәдениет басқармасының 1970 жылғы 26.01. №29-шы бұйрығы бойынша Павлодар қаласындағы №7-ші қалалық кітапхананың негізінде көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған облыстық арнайы кітапханасы болып ашылған.
Бүгінде облыс бойынша 17 кітапханалық пункт бар. Оның ішінде: 12 пункт – аудандық жерлерде және 5 пункт қалада қызмет көрсетеді.