Павлодарда жасөспірім мас күйде көлік айдаған: Ата-анасы айыппұл арқалады
Медициналық куәландыру нәтижесі бойынша оның орта дәрежеде мас болғаны анықталған.
Павлодарда түнгі уақытта мас күйде көлік басқарған кәмелетке толмаған жасөспірімнің ісі сотта қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Іс Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралған. Сот мәліметінше, 2008 жылы туған жасөспірім наурыз айында түнде жүргізуші куәлігінсіз, алкогольдік мас күйде BMW 523I автокөлігін басқарған.
Сот отырысында ол көлік тізгініне отырмас бұрын алкоголь тұтынғанын мойындап, кінәсін толық растады. Медициналық куәландыру нәтижесі бойынша оның орта дәрежеде мас болғаны анықталған.
Іс материалдары, оның ішінде әкімшілік хаттама мен сараптама қорытындылары жасөспірімнің кінәсін толық дәлелдеді. Оның әрекеті Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабының 8-бөлігі бойынша сараланды.
Құқық бұзушының кәмелетке толмағаны және айыппұл төлеуге жеке мүлкінің жоқтығы ескеріліп, әкімшілік жаза оның заңды өкілдеріне жүктелді. Сот қаулысына сәйкес, ата-анасына 10 АЕК мөлшерінде, яғни 43 250 теңге айыппұл салынды.
Сот шешімі заңды күшіне енді.