Павлодарда заңсыз жұмыс істеген Өзбекстан азаматтары ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жұмыс берушіге қатысты ҚР ӘҚБК 519-бабы бойынша әкімшілік материал толтырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше,  2-ші Советов көшесі бойында салынып жатқан үйде Өзбекстанның 8 азаматы құрылысшы ретінде тиісті рұқсатсыз жұмыс істеген. 

Тәртіп бұзушылар ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы 5-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ тәртіп сақшылары іздеуде жүрген бес қылмыскерді анықтады. Мәселен, іздеуде жүрген Беларусь Республикасының азаматы - 43 жастағы  қылмыскер  сол елдің Қылмыстық кодексінің 174-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыс жасады деп айыпталған, - деді Павлодар облысы  полиция департаментінің бастығы Василий Скляр.

Соттарға жолданған 226 әкімшілік материалды қарау нәтижелері бойынша ТМД-ның 26 азаматына қатысты елден шығарып жіберу туралы шешімдер қабылданды. 195 шетел азаматының Қазақстан Республикасында уақытша болу мерзімі қысқартылды. Сонымен қатар, шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланудың 32 фактісі анықталды. 

Барлық фактілер бойынша шетелдіктерді жұмысқа заңсыз жалдаған жұмыс берушілер ҚР ӘҚБтК-нің 519-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қабылдау-тарату орнына  жеке басын анықтау үшін бес азамат қамауға алынды, -  деді Василий Скляр.

Естеріңізге сала кетейік,  заңсыз көші-қонға және адам саудасына қарсы іс-қимыл мақсатында 2022 жылғы 27 маусым - 4 шілде аралығында облыс аумағында «Нелегал-2022» жедел алдын алу іс-шарасы өтті.

Шара барысында көші-қон полициясымен Қазақстан Республикасында болу ережелерін бұзған 410 шетелдік анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде біреуі алыс шетел азаматы және 409-ы ТМД елдерінің азаматы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы