Павлодарда заңсыз наубайхананың жұмысы тоқтатылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Наубайхана ҚР санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді өрескел бұзған, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Агенттікке хабар берген қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау басқармасының басшысы Александр Сафяников цехте Өзбекстанның 15 азаматы ешбір рұқсат құжаттары мен санитарлық кітапшаларсыз нан-тоқаш бұйымдарын әзірлеумен айналысқанын айтты.
Жұмысшылар нанды кір киіммен, антисанитарлық жағдайда пісірген. Цех аумағында жәндіктер мен мысықтар бар болғаны анықталды. Қазіргі кезде цех жабылып, нан илеу мен оны сату тоқтатылды.
«Аталған цехте заңсыз түрде нан-тоқаш бұйымдарын әзірлейді деген жазбаша өтініш арқылы тексеріс жүргіздік. Көптеген ереже бұзу фактілері расталды. Цех рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеген. Ал өнімі қай жерде сатылғаны анықталуда», - дейді Александр Сафяников.
Александр Сафяниковтың сөзіне қарағанда, бұл биыл өңірде жабылған бірінші заңсыз нан-тоқаш цехі.
Спикердің айтуынша, жылдан-жылға мұндай фактілер сиреп барады. Ал кәсіпкерлер көлеңкелі бизнестен гөрі, заң жүзінде жұмыс істеу тиімдірек екендігін түсіне бастаған. Жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, Өзбекстан азаматтары елден қуылады.