Павлодарда "Үй жанындағы дүкен" жобасы жүзеге асырылуда

Павлодар. BAQ.KZ тілшісі. Облыс орталығында "Үй жанындағы дүкен" жобасын жүзеге асыру жалғасын табады. Бүгінгі күні істен шыққан газгольдерден босаған жер учаскелерінің орнаны ауыл шаруашылығы өнімдерін саудалау үшін 10 павильон бой көтерді.

Осы жылы тағы төрт нысан ашылып, 100 млн теңгеден астам инвестиция құйылады деп күтілуде.

Бүгінгі күні Павлодар қаласының экономикасында сауда және қызмет көрсету саласы маңызды орынға ие. Себебі, бұл салада еңбек күшінің басым бөлігі шоғырланған. Былтыр облыс орталығында қызмет көрсетудің 20 нысаны ашылды. Бір жыл ішінде 1000-нан астам жаңа шағын және орта бизнес нысаны тіркеліп, олардың саны 25 мыңнан астам. Бұл субъектілер 87 мыңнан астам азаматты еңбекпен қамтып отыр. Бұл жетістікке бизнеске мемлекеттік қолдаудың арқасында қол жеткіздік, - дейді Павлодар қаласының әкімі Қайрат Нүкенов

Еске салсақ, "Үй жанындағы дүкен" жобасы шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған. Газ тарату құрылғыларының орындары анықталып, бизнес ортаға берілген. Соңғы бірнеше жыл ішінде 500-ден астам құрылғы қазылып алынды.

Облыс орталығында "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасының көмегімен мемлекеттен қолдау көрген кәсіпкерлердің саны 2,5 есеге көбейді. 230-дан астам жобаны жүзеге асыруға 8,2 млрд теңге жұмсалды.

Жергілікті кәсіпкерлік бөлімі мамандарының хабарлауынша, былтыр жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде 51 кәсіпкер 550 млн теңге көлемінде несие алған. Бағдарлама шеңберінде 500-ден астам азамат қайтарымсыз грантқа ие болып, жеке ісін дөңгелеткен.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы