Павлодарда ҰОС ардагері туған күнін атап өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жеңіс күніне орай жастары бір ғасырға тақаған Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлеріне азық-түлік қоржындары, сыйлақтар мен облысымыздың басты «Сарыарқа самалы» және «Звезда Прииртышья» газеттерінің Жеңіс күнімен құттықтау нөмірлері табысталды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Ардагерлерді мерекемен «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының жастар қанаты мен облыстық мәслихаттың депутаттары құттықтады.
Соғысқа өңірімізден 46000-ға жуық жауынгер аттанған. Ал сұм соғыстан аман-есен елге оралған майдангерлер, бейбіт өмірге араласып, еліміздің дамуы үшін өз үлестерін қосты. Сондай ардагерлердің бірі - Николай Ступка. 7 мамырда туған күнін атап өткен ардагердің өмірге шағымы жоқ. Ол әскер қатарына 1944 жылы алынды. Жапониямен соғысқа қатысты. 1955 жылы Павлодарға көшіп келіп, «Өнеркәсіп құрылыс» трестіне жұмысқа тұрды.
Біз ерліктері тарих бетіне алтын әріппен жазылған ардақты ардагерлеріміздің өнегелі өмір жолын үлгі етеміз. Бұл жеңіс халқымыздың қажымас қайратының, батыр бабаларымыздың ерлігі мен еңбегінің арқасында келді. Бүкіл халық жадындағы қастерлі мереке - Ұлы Жеңіс күні құтты болсын! - деді Илья Теренченко.
ҰОС ардагері Мария Курбатованың тарихына келетін болсақ, сол кездері Мәскеудегі мергендер мектебіне өз еркімен түсіп, оны аяқтаған соң 1943 жылы майдан даласына аттанды. Ол 4-ші Украин майданында 18-ші армияның 138-ші атқыштар дивизиясында шайқасты. Аға сержант атағында Украина, Польша және Чехословакияны азат етуге қатысты. Соғыстан соң сауда саласында жұмыс істеп, сырттай білім алды. Ол «Казобувьторг» мекемесінің қатардағы сатушысынан бас есепшіге дейін көтерілді.
Тұрсын Қасымова тыл ардагері. Аманаттықтар келіп құттықтағанда әжеміз еріксіз көзіне жас алып, ризашылығын білдіріп, әкесін еске алды. Тыл ардегерінің әкесі Хамзе Қасымов елімізде аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлының майдангер жолдасы болған.
Айта кетерлігі, «AMANAT» партиясы үшін Жеңіс күні бір күндік мереке емес. Оған себеп - партияның «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы. Қазыналы аға буын ардагерлерге осы жоба арқылы үнемі қолдау мен көмек көрсетіліп келеді.