Павлодарда тұтынушылар құқықтарын қорғау бойынша мыңнан астам өтініш түсті
Павлодар облысында тұтынушылар құқықтарын қорғау бойынша салалық мекемеге мыңнан астам өтініш түсіп, қарастырылған, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Ал өткен жылғы кезеңдегі көрсеткіш – 615. Яғни, өз құқықтарын қорғап, әділдік орнатқысы келген азаматтардың шағымдары 1,6 есеге артқан.
Облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Дәулен Қабдушевтың айтуынша, өтініштердің күрт көбеюіне тұтынушыларың өз құқықтарын қорғау мәдениетінің артуы мен ауқымды ақпараттық жұмыстардың сапалы жүргізуі себеп.
Келіп түскен өтініштерді талдау нәтижесі көрсеткендей, шағымдардың басым бөлігі бөлшек сауда саласына тиесілі болып шықты. Яғни, өтініштердің жартысына жуығы бұл бағытта тіркелді. Электронды сауда, тұрмыстық қызмет көрсету салаларында да олқылықтар анықталып жатады. Өтініштерді қарастыру нәтижесінде тұтынушыларға 48 млн теңге ақша қайтарылды, - дейді Дәулен Қабдушев.
Екіжақты шешімін таппаған мәселелер сотта қаралады. Салалық департамент үшінші тұлға ретінде қатысқан. Жыл басынан бері мамандар 19 сот отырысына қатысқан. Нәтижесінде сот 16 талап-арызды қанағаттандырып, тұтынушылар 4 млн теңгені өндірді.
Сауда саласында тұтынушының құқығы қорғалып, оң шешілген деректер баршылық. Мәселен, Павлодар тұрғыны жеңіл көлік сатып алған. Кепілдік мерзім кезеңінде машинаның климат жүйесі қирай бастаған. Тұтыуныша сатушымен мәселені реттемекші болған. Алайда нәтижесі болмады. Кейін тұрғын біздің көмегімізге жүгінді. Шағым ресімделіп, кейін көлікті сатқан тарап жүйені ауыстырып берді. Нарықта бұл қызмет 420 мың теңге тұрады. Алайда, тұтынушыға бұл қызмет тегін көрсетілді, - дейді департамент басшысы.