Павлодарда тұрғындарды сан соқтырған алаяқ заңгер ұсталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Оның үстінен 62 жастағы қала тұрғыны шағымданған. Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, алаяқтың 6 қылмысы анықталған.
Павлодарлық жедел уәкілдер заң қызметтерін көрсету саласында алаяқтық жасады деген күдіктіні анықтап, ұстады. Анықталғандай, 33 жастағы павлодарлық танымал сайттарға заң бойынша тегін кеңес беретіні туралы хабарландыру жариялаған. Арам ойын іске асыру үшін ол М.Жүсіп көшесінің бірінен кеңсе жалдап алған. Аталмыш жарнаманы көріп, облыс орталығының 62 жастағы тұрғыны құқықтық көмекке жүгінген, - делінген баспасөз хабарламада.
Тұтынушысы сенімді болу үшін алаяқ ер адамды мұқият тыңдап, онымен 30 мың теңге сомасына келісім-шарт жасасқан. Әрі қарай, оның мәселесін оң шешіп беруге уәде етіп, жұмысты жеделдету үшін, адвокат алу керектігін айтып, тағы да жалған адвокатқа беремін деп 30 мың теңге сұраған.
Адвокатқа беремін деген соманы жәбірленуші таныстарынан қарызға алған. Алайды іс сиырқұймышақтанып, бір жылға созылып кеткен. Әркез өтірік уәдемен тойдырып келген «заңгердің»жұмысына көңілі толмағасын ер адам құқықтық тәртіп сақшыларының көмегіне жүгінді, - деді баспасөз қызметіндегілер.
Қазіргі уақытта алаяқтықтың 6 эпизоды анықталды. Айыпталушыға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.
Айта кетелік, ол 2019 жылы ұқсас қылмыс үшін 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылған болып шықты. Егер сізге заңгерлік көмек қажет болса, оны жақсы тамыр- таныстарыңыздың ұсынысына жүгініп шешіңіз. Бұл заң саласындағы маманды таңдаудың ең тиімді әдісі. Заң компаниясына жүгінгеннен кейін шартқа қол қоюға асықпаңыз, ал барған күні ақысыз көрсетілетін қызметтер көлемімен шектелгеніңіз абзал. Осылайша қызметтерді бағалауға және оларды төлеуге қаржылық мүмкіндігін қарастыруға, отбасы мүшелерінің пікірін ескере отырып, уақыт қалдырыңыз. Қашанда «Көз жеткізбей сенбе» принципін басшылыққа алыңыз.