Павлодарда тоғызқұмалақтан ел чемпионаты басталды
Павлодарда тоғызқұмалақтан ел чемпионаты басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Pavlodarnews-ке сілтеме жасап.
Жеңімпаздар Стамбулда өтетін халықаралық турнирге жолдама алады.
Павлодарға тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысу үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінен 150 спортшы келді. Жарыс 14 жастан асқан қыздар мен ер балалар арасында ұйымдастырылды. Үздіктер рапид және блиц турнирлерінде таңдалады. Әр номинация бойынша алтын және күміс жүлдегерлер сәуір айында Түркияда өтетін Әлем чемпионатына жолдама алады.
Қатысушылар үш қаладан – Алматы, Астана мен Шымкенттен және 14 облыстан келді.
Қазылар алқасының құрамында ұлттық тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Хазірет Тұрсын, тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Дәулет Әбдікәрімов, сондай-ақ облыстық тоғызқұмалақ федерациясының жаңадан сайланған басшысы Махамбет Амангелді сынды еңбек сіңірген спорт қайраткерлері болды. Қазылар алқасының төрағасы павлодарлық шахмат және тоғызқұмалақ бойынша жаттықтырушы Шәріп Қашкенов болды.
Өткен жылы екі павлодарлық спортшы – Жанат Қаймуллин мен Ринат Керебаев чемпион атанды. Биыл да жеңістер күтіп тұр деп сенемін, – деді облыстық тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Арыстан Қапаев.
Турнирге барлығы бес еңбек сіңірген спорт шебері, 23 спорт шебері және 74 спорт шеберіне үміткер қатысуда. Рапид турнирінің жеңімпаздары 22 қаңтарда, блиц-турнир жеңімпаздары 24 қаңтарда белгілі болады.