Павлодарда «Таза су айдындары» акциясы басталды
Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысында «Таза су айдындары» экологиялық акциясы басталды. Мақсат - су тоғандарының аумағын қоқыстан тазалау.
Экологиялық акцияны өткізуге жергілікті табиғат қорғаушылар мен сала мамандары мұрындық болды.
Облысаралық Зайсан-Ертіс бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Нұржан Қазтайдың айтуынша, акция соңғы бірнеше жыл бойы ұйымдастырылып келеді. Мамандар адам көп жиналатын және демалатын аумақтарды анықтап, сол орындарды тұрмыстық қалдықтардан тазартады.
Өкінішке қарай, жыл сайын ешқандай өзгеріс байқалмайды. Бір жерді тазалап, кейін қайта оралсақ, көрікті жерлер қоқысқа толы. Тұрғындар арасында мәдениет кенжелеп қалған. Қазіргі уақытта Ертіс өзенінің бойын тазартып жатырмыз. Су тасығанша тұрмытық қоқысты шығарып үлгеру керек. Себебі, пластик, шыны сияқты қауіпті заттар өзен суымен таралып кетуі мүмкін. Тұрғындар көп демалатын орындарды қадағалаймыз, әрине. Бірақ, нәтиже шамалы, - дейді Нұржан Қазтай.
Айта кетейік, өткен жылы Ертістің негізгі арнасына жататын орындардан сегіз тоннадан астам қоқыс жиналды. Табиғат аясында демалатындар пластикалық бөтелкелер, целлофан, қағаз және шыны қалдықтарын лақтырып кетеді. Өңірде 260-тан астам су айдыны бар. Сонымен қатар, 50-ден астам су айдыны табиғат пайдаланушылардың жауапкершілігінде. Олар өз аумақтарын тазалықта ұстайды. Ал өзге жерлерде қоқыс жинала береді. Сондықтан, мамандар тұрғындарды табиғат алдында жауапты болуға шақырады.