Павлодарда су тасу кезеңінде екі аудан ерекше бақылауға алынды
Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде су басу кезеңінде Ақтоғай және Баянауыл аудандарының елді мекендері ерекше бақылауға алынды.
Бүгінгі таңда облыста су басуы қаупі бар 31 елді мекен тіркелген. Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Сұңғат Есімхановтың хабарлауынша, қазіргі уақытта қар жабындысы біртіндеп еріп жатыр.
Жасыратыны жоқ, бүгінде Баянауыл ауданының Бірлік ауылының жанындағы тас жолды су басуы мүмкін. Жол учаскесі жіті бақылауымызда. Мониторинг күнде жасалады. Апат айтып келмейді, сондықтан, тиісті инертті материалдарды әзірлеп қойдық. Павлодар қаласына қарасты Ленин кентіне келсек, сәуір айының басында Ертіске Шығыс Қазақстан облысындағы қоймадан су босатылады деп күтілуде. Бұл да жіті бақылауымызда, - дейді Сұңғат Есімханов.
Қазіргі уақытта Баянауыл ауданындағы жыл сайын қауіп төнетін Сәтбаев, Мұса Шорманов, Көкдомбақ және Жаңажол ауылдарында қар шығару жұмыстары күшейтілген. Жолдардағы су өткізгіш құбырлардың барлығы қардан тазартылып, су деңгейін тексеру үшін бес гидропост орнатылды.
Десе де, төтенше жағдай туындаса, құм толтырылған 14 мың қап, 500 тонна инентті материал мен 10 тонна жанар-жағармай дайын тұр.
Қар еріп, су елді мекендерге кіріп кетсе, өңірде тасқынмен күрес жұмыстарына 600-ден астам құтқарушы мен арнайы техниканың 600 бірлігі дайын.