Павлодарда студенттер қатарластарына "салық" салған
Павлодар облысында көршілес қатарластарынан ақша бопсалап, заңсыз жүйе орнатпақ болған қылмыстық топтың жолы кесілді.
Күдіктілер ретінде жергілікті колледждің екі студенті ұсталып, қамауға алынды.
Полицияның мәліметінше, күдіктілер Павлодар қаласында жастар арасында заңсыз «алым-салық» схемасын ұйымдастыруды жоспарлаған. Олар өз қатарластарын нысанаға алып, күш қолданамыз деп қорқыту арқылы тұрақты түрде ақша талап етпек болған.
Анықталғандай, күдіктілер қылмыстық ниеттерін жүзеге асыру үшін нақты әрекеттерге көшкен. Олар заңсыз талаптарын орындату үшін күш қолданамыз деп сес көрсеткен. Жедел іс-шаралардың нәтижесінде бұл әрекеттер ерте кезеңде тоқтатылып, қылмыстың өршуіне жол берілмеді, - деді Павлодар облыстық ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Ғабит Қабдрахманов.
Қазіргі уақытта бопсалау фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция ұсталған студенттердің бұған дейін жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.