Павлодарда сотталғандар провизорлық госпитальдерді жабдықтауға көмек көрсетуде
Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңіріндегі түзеу мекемесінің сотталушылары провизорлық госпитальдерді жабдықтауға көмектесуде. Павлодар қаласының пробациялық қызметінің есебінде тұрған азаматтар сот үкімімен тағайындалған қоғамдық жұмыстарын атқаруда.
Бүгінгі таңда сотталушылар мәжбүрлі еңбекке тару бойынша жолдама алған соң провизорлық госпитальдерге жіберілді.
Павлодар қалалық пробация қызметінің бастығы Әсет Мыңжасаровтың айтуынша, сотталушылар емдеу мекемелерінің қызметкерлеріне жиһаз және өзге де қажетті заттарды тасымалдауға көмектесті. Осылайша, қоғамдық жұмыстарға атсалысып, жазаларын өтеп жатыр.
Қоғамдық жұмыстар ауыртпалығы орташа қылмыс жасағандарға тағайындалады. Дегенмен, олар бұл жұмысты орындамаса, ҚР Қылмыстық-атқарушылық кодексінің 60-бабына сәйкес қоғамдық жұмыстар қамаққа алудың төрт сағатына теңестіріледі. Мәжбүрлі жұмыс бостандығына шектеу қойылған тұлғаларға артылады. Соңғы кездері бес сотталушы жұмысқа тартылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады, - дейді Әсет Мыңжасаров.
Павлодар облысының колониялары қоғамға пайдасын келтіргісі келетіні анық. Сотталушылар қауымы облыстың ұйымдары үшін 67 дезинфекциялық тоннель жасап берді.
Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 50 тоннель облыстық денсаулық сақтау басқармасына, 10-ы Полиция департаментіне, тағы төрт жабдық Білім беру бөлімінің өкілдеріне табысталды.