Павлодарда салынып жатқан мектеп ғимараты құлады: бір адам іздестірілуде

Павлодарда салынып жатқан мектеп ғимаратының бір бөлігі опырылып, бірнеше адам зардап шекті, деп хабарлайды BAQ.KZ Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Қазправда көшесіндегі құрылыс алаңында еден плитасы құлаған. Алдын ала деректер бойынша, үйіндінің астында 1967 жылы туған ер адам қалуы мүмкін.

Құтқару жұмыстарына жеке құрамның 20 қызметкері мен 6 техника жұмылдырылды. Үйінділерді барлау және талдау жұмыстары жүріп жатыр. Тепловизор орнатылған пилотсыз ұшу аппараты іске қосылды, – деп хабарлады өңірдің ТЖД баспасөз қызметі.

Оқиға орнында жедел штаб құрылып, авариялық-құтқару жұмыстары жалғасуда.

Дәрігерлердің айтуынша, жарақат алған екі адам ауруханаға жеткізілген, тексеруден кейін олар амбулаториялық ем алуға жіберілді.

Павлодар облысының полиция департаменті аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің “Құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу” бабымен іс қозғағанын хабарлады.

Құрылыс конструкцияларының құлау фактісі бойынша тергеу жүргізілуде. Іс облыстық полиция басшылығының бақылауында, – делінген полицияның хабарламасында.

Қазіргі таңда үйіндінің астында болуы мүмкін адамды іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы