Павлодарда Құрбан айт мерекесіне орай 20 қазаннан астам палау пісіріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодарда Құрбан айт мерекесіне арналған шаралар қалалық Қазақстан Халықтары Ассамблеясы саябағында өтеді. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайтында хабарланды.

Мәшһүр Жүсіп мешітінің наиб имамы Қанат Қабдыкәрімұлының айтуынша, мерекелік шаралар тамыз айының 11-і күні сағат 14:00-ден 18:00-ге дейін жалғасады.

«Жылдағыдай саябақтағы шарамыз ҚМДБ-ның облысымыздағы өкіл имамы Жолдас Қоспақұлының құттықтауымен басталады. Облыс орталығында орналасқан 7 мешіттің әрқайсы 3 қазан палау пісіреді», - деді Қанат Қабдыкәрімұлы.

Сондай-ақ, кешкі сағат 18:00-ге дейін күрес, арқан тартыс және өзге де ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізіліп, балаларға сыйлықтар таратылмақ.

Айта кетейік, Құрбан айт мерекесі облысымыздағы барлық мешіттерде таңғы сағат 7:00-де айт намазын оқумен басталады.

Қалалық әкімдіктің мәлімдеуінше, Құрбан айт мерекелеу күндері яғни, ағымдағы жылдың 11, 12, 13 тамызында Павлодар қаласында құрбандық шалу рәсімін ұйымдасқан түрде өткізу үшін «Құлагер» ипподромында (Павлодар қ., Солтүстік өнеркәсіптік аймақ) арнайы алаң анықталды. Онда мал сою және сату қызметтері ұсынылады. (№ 1, 6, 7, 10 трамвайлары жүреді). Жұмыс уақыты: сағат 08.00-ден басталады. Байланыс телефоны: 57 77 84, 87017923194

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы