Павлодарда полиция заңсыз қоқыс төккендердің әрекетін тоқтатты
Павлодар облысында республикалық "Таза Қазақстан" акциясы аясында полиция қызметкерлері заңсыз қоқыс орындарын анықтауға бағытталған күшейтілген рейдтік іс-шараларды бастады.
Құқық қорғау органдары тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын рұқсатсыз төгудің алдын алу мақсатында өңір аумағын жүйелі түрде патрульдеуде. Осындай рейдтердің бірі барысында көрсеткіш жағдай тіркелді: полиция қызметкерлері Газель автокөліктерінің үш жүргізушісін ұстады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Олар құрылыс қалдықтарын карьерге төгіп, абаттандыру қағидаларын өрескел бұзған.
Рейдтік іс-шара барысында абаттандыру талаптарын өрескел бұзу дерегі анықталып, дер кезінде тоқтатылды. Мұндай әрекеттерге қолданыстағы заңнамада жол берілмейді. Барлық материалдар тиісті процессуалдық шешім қабылдау үшін Экология департаментіне жолданды, – деді Павлодар облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының міндетін атқарушы Мақсат Сарин.
Аймақта мұндай тексерістер тұрақты түрде өткізіліп келеді. Олардың негізгі мақсаты - құқық бұзушыларды жауапкершілікке тартумен қатар, тұрғындар арасында қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру. Полиция ескертеді: рұқсатсыз қоқыс үйінділерін жасау экологияға да, азаматтардың денсаулығына да елеулі зиян келтіреді. Заң талаптарын бұзған тұлғаларға қатысты қатаң әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.