Павлодарда патронат отбасылардың саны артуда
Астана, baq.kz. Облыс орталығында 22 жетім және ата-анасының қамқорлығысыз қалған балалар 14 патронатты отбасында тәрбиеленуде. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайты хабарлайды.
Қалалық білім беру бөлімі мамандарының айтуынша, отбасылық тәрбиені қамтамасыз ету баланы (балаларды) патронатты тәрбиеге беру барысында баланың (балалардың) көңілін (ниетін) ескере отыра іске асырылады.
Бала патронатты тәрбиелеушінің тәрбиесіне келісімшартта белігіленіп қарастырылған мерзімге тапсырылады. Патронатты тәрбиешіге берілген баланы асырау үшін ақшалай қаражат төлемдері ай сайын жүргізіледі. Осындай отбасылардың бірі – Әсемгүлдің жанұясы.
«Басында біз бір баланы патронатты тәрбиелеуге алдық. Ол кезде Әмір екі жаста еді. Ол өте елгезек, жігерлі бала болатын, бірақ ешкіммен сөйлеспейтін тұйық бала еді. Ал қазір Әмір жатырқамайды. Ол жолдасым екумізді бұрыннан әке және ана дейтін. Биылғы жыл біз тағы екі қыздың патронатты тәрбиелеушілері атандық. Әлияның жасы үште болса, Сәния бір жас 8 айда. Осы қыздарды да асырап алғымыз келеді. Содан кейін біз отбасында екі ұл мен екі қыз болатындай тағы бір ұл баланы алуды жоспарлап отырмыз», - дейді патронат отбасы.
Білім беру бөлімінің қамқоршылық және қорғаншылық секторы патронатты тәрбиелеуге берілген балалардың қалай тәрбиеленуіне және ұсталуына тұратын жерлері бойынша жылына екі рет барып бақылау жасап отырады. Сонымен қатар, патронатты тәрбиешілер жылына екі рет қамқоршылық және қорғаншылық секторына баланың денсаулық жағдайы мен білім алуы бойынша есеп береді.
Айта кетерлігі, жыл сайын қалада патронатты отбасылардың саны артып келеді. Патронатты тәрбиеші болуға ниет білдірген азаматтар төмендегідей мекенжайға жүгінуге болады: Павлодар қаласы, Кривенко көш., 25, 401 кабинет қамқоршылық және қорғаншылық секторы.