Павлодарда патенттелген технология бойынша Наурыз көже әзірленді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Наурыз мерекесіне орай Павлодар педагогикалық университетінің бас ғимаратының фойесінде Ұлттық қазақ тағамдарының фестивалі өтті, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
ЖОО баспасөз қызметінің мәліметінше, жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебі студенттер мен университет ұжымына дәстүрлі ғұрыптық тағам - Наурыз көже ұсынды.
Бірегей тағам жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің профессоры, биология ғылымдарының докторы Бибігүл Жұмабекова және биология ғылымдарының кандидаты Қалия Жұмабекованың патенттелген авторлық технологиясы бойынша әзірленген.
- Бұл авторлық технология Биоценология және экологиялық зерттеулер ғылыми орталығының базасында «Комбуча микроорганизмдерінің биологиялық белсенді бірлестігі негізінде емдік-профилактикалық сусынды өнеркәсіптік өндіру технологиясын жасау» жобасы аясында былтырғы жылы дайындалған. Тақырып ғылыми-зерттеу және тәжірибелік жұмыстар коммерцияландыру бойынша ҚР БҒМ ҒК «Өнімді инновацияларды ілгерілету» жобасы аясында қаржыландырылды. Көже дайындауда сүтті ашыту үшін қолданылатын комбуча минералды тұздарды, дәрумендерді, биологиялық белсенді қоспаларды соңғы өнімге өткізеді. Оның емдік әсері бар және дәмі жоғары өнім алуға мүмкіндік береді, - дейді Бибігүл Жұмабекова.
Көктеммен бірге келетін Ұлыстың ұлы күні қазақтар күш-қуат беретін Наурыз көже ішкен. Наурыз көже жеті ингредиенттен жасалады. Қазақтың дүниетанымында «жеті» саны киелі. Сондықтан бұл сусынның құрамына кіретін дәмдер қасиетті саналады.
Айта кетерлігі, еліміздің әр өңірінде, әр шаңырақта Наурыз көже өз өңірінің, отбасының салт-дәстүріне тән өз рецепті бойынша дайындалады.