Павлодарда өрттен аман қалған әйел полицейлерге алғыс айтты

Павлодарда өрттен аман қалған әйел полицейлерге алғыс айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Батылдық – адамның ең асыл қасиеттерінің бірі. Әр күн сайын полиция қызметкерлері өз денсаулығы мен өмірін тәуекелге тігіп, өзгелерді құтқаруға асығады. Оқиға 11 қаңтар күні Павлодар қаласында болған. Криминалдық полиция қызметкерлері Рашид Мугадилов пен Дәулет Серіков қызметте жүрген кезде көрші үйдің терезесінен шыққан әйелдің "өрт!" деп айғайлаған дауысын естиді. Айғай Астана көшесі 53-үйдің ішінен естілген. 

Бір сәтке де ойланбастан, полицейлер дереу сол үйге қарай жүгіреді. Барған кезде олар түтінге тұншыққан кіреберісті және абыржыған адамдарды көреді. Бірінші қабаттың терезесінен қою түтін шығып, бүкіл кіреберісті жауып қалған. Жанған үйдің ішіне есіктен кіру мүмкін болмағандықтан, полицейлер терезе арқылы әйел мен оның ұлын және күйіп қалған ер адамды қауіпсіз жерге алып шыққан. 

Жағдайды шұғыл бағалап, полицейлер үйдің өзге тұрғындарын да дереу эвакуациялады. Аязды күні адамдардың тоңып қалмауы үшін барлық тұрғындарды Солтүстік полиция бөлімінің "Азаматтарды қабылдау бөлмесіне" алып барып, ыстық шаймен жылытып, олардың жағдайын бақылауға алды. Бұл оқиға туралы полиция басшылығы әлеуметтік желіден білген. Зардап шеккен әйелдің бірі, Наталья Рожко, полиция қызметкерлеріне ризашылығын жеткізіп, алғыс айтты. 

Жедел әрі кәсіби әрекеттерінің арқасында біз аман қалдық. Полицейлер барлығын нақты әрі жылдам орындады. Олардың арқасында мен және ұлым тірі қалдық, – деді ол. 

Бұл ерлік ісі үшін көпшіліктің алғысына бөленген қызметкерлер – Павлодар қаласы Солтүстік полиция бөлімінің криминалдық полиция бастығының орынбасары Рашид Мугадилов және жедел уәкіл Дәулет Серіков. 

Бұл сенбі күні болды, тұрғындардың барлығы үйде еді. Біз адамдарды құтқару керек пе әлде өрт сөндірушілерді күту қажет пе деп ойланған жоқпыз. Өзіміздің де ата-анамыз, өсіп келе жатқан балаларымыз бар. Егер дәл осындай жағдайға түссек, бізге де біреулер көмек қолын созарына сенімдіміз. Әлем жақсы адамдарсыз емес, – деді олар. 

Осындай батылдық пен адамгершілік қасиеттерді үлгі еткен полиция қызметкерлері әрбір тұрғынның қауіпсіздігі үшін тәуекелге баруға дайын екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: polisia.kz
Өзгелердің жаңалығы