Павлодарда оқушыларға арналған қауіпсіздік мектебі ашылды
Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде оқушыларға арналған «Бақытты балалық шақ» атты қауіпсіздік мектебі ашылды.
Мамандардың айтуынша, басты мақсат – балаларға судағы қауіпсіздік ережелері мен оқыс жағдайға тап болған адамға шұғыл көмек көрсету дағдыларына үйрету. Құтқарушылар Ертіс өзенінің бойында жаз бойы жұмыс істемек. Кез келген оқушы адамдарды құтқару қағидаларын тәжірибе жүзінде меңгеру мүмкіндігіне ие болмақ.
«Балалар түгіл, ересек адамдар да дәрігер келгенге дейін көмек көрсете алмайды. Сондықтан, мектебіміз үлкен адамдарға да пайдалы болмақ. Алдағы уақытта мектебіміз ашық аспан астында шомылу маусымы бойы жұмыс істейді. Шеберлік сабақтары сияқты алдын алу шаралары қолға алынады», - дейді облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Теміржан Танжанов.
Шеберлік сабақтарына еріктілер мен медицина катастрофалары орталығының мамандары жұмылдырылады. Айта кетейік, өткен шомылу маусымында облыстың су қоймаларында алты бала көз жұмған.
Жзаздағы шомылу маусымында облыс бойынша 40-тан астам жағажай ашылмақ. Қазіргі уақытта абаттандыру, аумақтарын тазарту сияқты абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Балалар жылы шеңберінде жеткіншектердің судағы қауіпсіздігіне баса мән беріліп отыр. Құтқарушылар каникул кезінде ата-аналарға балаларын өзен-көлдерге жібермеуге кеңес береді.